380,19 420 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Беньямин Нетаньяху Иран халқына көмектеспек

  • 623
  • UPD: 23:40, 12.06.2018

Израиль күтпеген жерден өзінің қас жауы Иранға қол ұшын созатын болды.

Үкімет басшысы Беньямин Нетаньяху су үнемдеудегі заманауи жетістіктерін Иранмен бөлісуге дайын екенін білдірді. Неліктен?

Беньямин Нетаньяху бұл ұсынысын бейнеүндеу түрінде жариялады. Екі ел билігі арасында көптен бері байланыс жоқ болғандықтан, осы үндеуін ресми Тегеранға емес, қарапайым халыққа жолдаған.

Беньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

- Мен бүгін ирандықтарға суға қатысты теңдессіз ұсыныс жасамақпын. Иран халқы өздерін тіршілік нәрінен қағып отырған қатал биліктен жапа шегіп отыр. Сол себепті Израиль ирандықтарға көмектескісі келеді. 

Нетаньяхудың айтуынша, ұзақ уақыт қуаңшылыққа ұшыраған Иранда су жетіспегендіктен кейбір елді мекендерді көшіртіп жатыр. Ал ел экономикасының ауыр жағдайын ескерсек, бұл өзекті мәселенің жақын арада шешілетін түрі жоқ. Осы орайда еврей мемлекетінің озық технологиялары пайдаға асар еді. Алайда израильдықтарға Иранға аттап басуға тыйым салынған. Білімдерімен бөлісетіндей екі ел арасында қатынас та жоқ. Алайда премьер қарапайым ирандықтарға көмектесудің амалын тапқан көрінеді.

Беньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

- Біз ирандықтарға суды қалай үнемдеу керектігін түсіндіретін парсы тіліндегі сайт ашпақпыз. Шаруаларға егінді қалай сақтау керектігін көрсетеміз. Иран билігі бізге өлім тілесе де, біз халқына достық пейілмен қараймыз. 

Израиль бұрыннан-ақ осы мәселесін шешіп алған. Бұл елде су көзі дерлік жоқ болғанымен, өз халқын толықтай қамтамасыз етіп, көршілес Иордания және Мысырмен де бөлісіп отыр. Израильде тамшылатып суарудан бастап ағын суларды жүз пайыз тазартуға дейінгі озық технологиялар бар. Иранға көмектесу ұсынысы ойға қонымсыз болғанымен, премьер-министрдің Facebook әлеуметтік желісіндегі жазбасына халық сүйсінген пікірлер қалдырған.

Авторлары: Жансұлу Дүйсенәлі, Сергей Ауслендер

Хабар 24 телеарнасы