382,38 428.95 5.97
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркиялықтар 3 күндік демалыста билет тапшылығына тап болды

  • 482
  • UPD: 12:26, 16.06.2018

Биыл түркиялықтарға Ораза айттың құрметіне 3 күн демалыс берілді. 

Осыған орай қазір Ыстамбұл, Анкара мен Измир сияқты осы елдің ірі қалаларындағы автовокзалдар мен теміржол кассаларында билет тапшылығы байқалады. Себебі көпшілік саяхаттайтын негізгі бағыттар бойынша билеттер күні бұрын сатылып кеткен. Сондықтан вокзал табалдырығын тоздырып жүрген жолаушылар билетті екі есе бағасына сатып алуға да әзір.

Түркияда жергілікті халық тағатсыздана күтетін екі үлкен мереке бар. Оның бірі – Құрбан айт, ал екіншісі – бүгінгі Ораза айт мейрамы. Сондықтан мұндағы ел-жұрт отбасылық саяхаттарын осы демалыс күндеріне арнайы жоспарлайды. Ыстамбұлда 4 ірі автовокзал бар. Қазір барлық автовокзалда қызу қарбалас, өйткені онда билет тапшылығы сезіледі. Сондықтан жолаушылар өздерінің автобустарын сыртта күтіп тұруға мәжбүр.

Бұл жайт ешкімге таңсық емес. Өйткені «билет жыры» – жылда қайталатын қалыпты жағдай. Тіпті ол 15 миллионнан астам тұрғыны бар Ыстамбұлдай алып шаһардың мерекелік көрінісіне айналғандай. Алайда вокзалда екі кассаның ортасында шапқылап жүрген жолаушылардың жүзінен мерекелік көңіл-күй сезілмейді. Ялова қаласына жолға шыққан Башак Тәңірберді биылғы демалысына алдын ала қамданыпты.«Аузы күйген үрлеп ішеді. Сол себепті ең әуелі билет мәселесін реттеп алдым», – дейді ол. 

Башак Тәңірберді, жолаушы:

- Біз күні бұрын анам екеуміз билетімізді интернеттен сатып алғанбыз. Мереке күндері мұндай қарбаластың боларын әуел бастан білеміз ғой. Өйткені кассаға келіп тұрып билет ала алмай кері қайтқан кездерім әлі есімде. Мысалы, соңғы уақытта әпкеміз де бізбен бірге шығатын болған. Алайда оған билет табылмады. Сондықтан ресми мерекелерде саяхатыңды алдын ала жоспарлап, тыңғылықты дайындалмасаң барлығы бекер. 

Жай күндері Ыстамбұлдың Байрампаша автовокзалынан күніне 2 мың автобус арқылы 100 мыңдай жолаушы қатынайды. Ал мереке күндері саяхаттаушылар саны еселей түседі. Бұл жағдайды есепке алған Автобус қауымдастығы демалыс күндеріне қосымша 3 мыңдай автобус бөлді. Соның арқасында кейбір бағыттар бойынша қалааралық автобустардың жиілігі айтарлықтай артты.

Алаятдин Челлек, «Метро туризм» фирмасының бөлім басшысы:

- Бүкіл бағыттар бойынша билет сатылып, автобустарымыз 100%-ға лық толды. Біз Түркияның 81 провинциясы мен көршілес елдерге жолаушы тасымалдаймыз. Биыл Ораза айт мерекесіне орай қосымша автобус қойдық. Мәселен, шалғай қалаға күніне бір автобус жолға шықса, қазір 3 пен 5 аралығында автобус қатынап жатыр. Соған қарамастан сұранысты қамтамасыз ете алмай отырған жайымыз бар.

Ыстамбұл автовокзалында жолаушыларды тасымалдаумен 330-ға жуық туристік фирма айналысады. Қазір осы фирмалар қалыптасқан мәселені өздігімен шешу үшін танымал бағыттар бойынша қосымша тағы автобустар енгізуді қарастырып жатыр.

Авторлары: Ержан Жүніс, Седат Денли

Хабар 24 телеарнасы