389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркия халқы Түркістанның әкімшілік мәртебесі туралы хабарды қуанышпен қарсы алды

  • 1171
  • UPD: 22:47, 20.06.2018

Ғасырлар бойы күллі түркі әлемінің саяси әрі рухани орталығы болған Түркістан қаласына облыс мәртебесін беру туралы ақжолтай жаңалық Түркияға да жетті.

Бұл хабар Анадолы жеріндегі түбі бір туыс елді де зор қуанышқа бөледі. «Түркістандай құт-мекенді гүлдендіріп, мерейін өсіру тарихи маңызы бар, ұтымды шешім. Бұл халықтың мәдени мұра мен ұлттық құндылықтарына деген құрметінің жарқын үлгісін, айшықтап тұр» дейді олар.

Түбі бір, бауырлас түрік халқы Қазақстанды «ата жұртымыз» деп атап, біздің елге ерекше сый-құрмет көрсетеді. Әсіресе жергілікті халық Түркістан десе бір бүйрегі бұрып тұратыны бар. Өйткені бұл киелі өңірді олар ұлы ойшыл, кемеңгер ақын, күллі күншығыс мұсылмандарының рухани ұстазы болған Қожа Ахмет Яссауидің туып-өскен жері ретінде жақсы біледі. Өз заманында ғұлама ислам дінінің дұрыс түсіндіріліп, кеңінен таралуы үшін ең алғыр шәкірттерін Анадолы жеріне жіберген екен. Нәтижесінде, Яссауи ілімінің арқасында Мансұр ата, Әбдімәлік ата, Ахи Эвран, Қажы Бекташ Уәли, Мәулана Жалаладдин Руми мен Юнус Эмре сынды түрік руханиятының көрнекті тұлғалары өсіп шықты. «Міне осы жағдай қазақ пен түрік халықтарының рухани сабақтастығын тереңдетіп отыр» дейді Ыстамбұл қаласының тұрғыны Эргин Арда.

Эртин Арда, Ыстамбұл қаласының тұрғыны:

- Түркістан ыстамбұлдықтар үшін, түріктер үшін өте маңызды қала. Қожа Ахмет Яссауидің шәкірттері Анадолыға келіп, ағартушылықпен айналысты. Олар түріктің әдебиет әлемі мен мәдени өміріне өлшеусіз үлес қосқанын тарихтан жақсы білеміз. Сол себепті біз ұлы ойшылдың туған жері, қасиетті Түркістан қаласын рухани астанамыз деп есептейміз. Атағы алысқа жайылған даңқты шаһар тарихи тұғырына қайта қоныпты. Бұл өлкеден әлі талай марқасқалар шықсын деп тілеймін. 

Түркістан - күллі түркі жұртының рухани орталығы. Түркия мемлекеті басшысы мен лауазымды тұлғалар елімізде жұмыс сапармен болғанда көне шаһарға ат басын бұрмай кетпейді. Саяхаттап келген түрік туристері де тарихи орындарға зиярат етуді Яссауи кесенесінен бастайды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ Қазақстан мен Түркияның білім саласындағы өзара ынтымақтастығына серпін берген Түркістандағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ұжымы қаланың облыс орталығына айналуын жақсылыққа балады. Жоғары оқу орынның Өкілетті кеңесінің төрағасы Мұса Йылдыз «Түркістан бұл мәртебе әбден лайық» дейді.

Мұса Йылдыз, Қ.А. Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Өкілетті кеңесінің төрағасы:    

- Қазақстан Президенті, көреген басшы Нұрсұлтан Назарбаевтың Оңтүстік Қазақстан облысының орталығын Түркістанға көшіру туралы өте өміршең шешім қабылдады. Бұл Қазақстан көшбасшысының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жасаған маңызды бір қадамы деп, бағалаймын. Қазақ елінің рухани астанасы - Түркістан қаласына облыс мәретебесінің берілуі Қазақстан халқына және бүкіл түркі әлеміне құтты болсын!

Оңтүстік өңірінің орталығына айналған Түркістан аз ғана уақытта тоты құстай түрленіп шыға келмек. Алайда жаңа заманның сәулет өнері қаланың тарихи келбетіне өрнек салмаса екен дейді Ыстамбұл тұрғындары. 

Ержан Жүніс, тілші:

- «Тұранда түрік ойнаған ұқсап отқа,

Түріктен басқа от боп жан туып па!

Көп түрік енші алып тарасқанда

Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па» деп, қазақтың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаев жырлағандай, ер түріктің бесігі – киелі Түркістан қаласының облыс орталығы мәртебесіне ие болуы Анадолы жеріндегі бауырлас елді де, ерекше қуантып қойды.

Авторлары: Ержан Жүніс, Седат Денли

Хабар 24 телеарнасы