387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Германия жыл сайын 500 мыңға дейін маман жоғалтады деген қауіп бар

  • 892
  • UPD: 17:55, 25.06.2018

Германияда жас маман тапшы.

Билік кадр жетіспеушілігін жоюға бел шеше кіріскен. «Өйткені бұл елдің әлеуметтік экономикалық дамуына үлкен кедергі келтіреді», – дейді сапрапшылар. Маман жетіспеушілігі салдарынан неміс экономикасы жылына миллиардтаған қаржы жоғалтады.

30 млрд евро. Мамандар тапшылығы салдарынан неміс экономикасы жылына осынша қаржыдан қағылады. Соңғы деректерге қарағанда, мемлекетке 440 мың білікті кадр қажет. Егер осы бос орынның бәріне маман тартылса, Германияның экономикалық көрсеткіші бір пайызға өсер еді, – дейді сарапшылар.

Штефан Хардеге, Германияның сауда-өнеркәсіптік палатасы мен еңбек нарығының басшысы:

- Біз Германиядағы кадр тапшылығы мәселесі бойынша сауалнама жүргіздік. Нәтижесінде әрбір екінші фирма бос орынға лайықты қызметкер таба алмай отырғаны белгілі болды. Ал 60 пайызға жуық кәсіпорын бұл көрсеткішті өз бизнестері үшін үлкен қатер деп санайды. Мамандар жетіспеушілігі өткір тұрған мәселе. Әсіресе логистика, құрылыс және қарттарға күтім жасау салаларында маманға сұраныс жоғары.

Сондай-ақ Германияда ІТ-саласының қызметкерлері, инженерлер мен дәріглерлер тапшы. Көлік және энергетика саласында да мамандар жеткіліксіз. Бұл тұрғыда елдің ірі өнеркәсіп аудандары зардап шегуде. Жалғыз Мюнхенның өзінде 70 мың бос жұмыс орны бар.

Штефан Хардеге, Германияның сауда-өнеркәсіптік палатысы мен еңбек нарығының басшысы:

- Бізде кадрға сұраныс жоғары. Өйткені іскерлік ахуал өте белсенді. Көптеген кәсіпорындар қарқынды дамып, жаңа жұмыс орындар ашып жатыр. Әсіресе техникалық мамандарға сұраныс жоғары. Сондықтан дуалды білім беруді күшейту керек. Теориялық білімді өндіріс орындарында тәжірибемен ұштастыруы керек. Статистикаға сүйенсек, Германиядан жер аударғандардан гөрі осында көшіп келгендер әлдеқайда көп.

Зерттеушілердің айтуынша, жұмысшылардың жетіспеушілігі – демографиялық қартаюдың салдары. Алдағы 20 жылда Германия жыл сайын 500 мыңға дейін маман жоғалтады деген қауіп бар. Сондықтан қазір  еуропалықтардан бөлек шетелдік мамандарға да ерекше мән беріліп отыр. Сарапшылардың пайымынша, шетелдік жұмыс күші болмаса, неміс экономикасының күні қараң.

Хабар 24 телеарнасы