386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Д.Трамп Палестина мен Израиль шиеленісін бейбіт жолмен шешпек

  • 416
  • UPD: 20:25, 25.06.2018

Дональд Трамп палестин-израиль шиеленісін бейбіт жолмен тұрақтандыруға арналған жаңа жоспарын ұсынбақ.

Оның толық мән-жайы әзірге құпия сақталып отыр. Дегенмен, Ақ үйдің ойынша, бұл ұсыныс екі тараптың да көңілінен шығуы керек.

Рамалла мен Тел-Авив, яғни шекараның екі бетіндегі тараптар Вашингтонның жаңа ұсынысын қызу талқылап жатыр. Дональд Трамптың жетекшілігімен америкалық әкімшілік бейбіт  тұрақтандырудың жаңа жоспарын құрды. Ақ үйдің жоғары лауазымды қызметкерлерінің бірінің айтуынша, палестиналықтар мен израильдіктер бірдеңеге қол жеткізу үшін ымыраға келуі тиіс. Израиль тарапы жаңа жоспарды қуана қабылдаған.

Беньямин Нетаниягу, Израиль премьер-министрі:

- Мен Джаред Кушнер және Джейсон Гринблаттпен екі маңызды кездесу өткіздім. Аймақтағы мәселелер және бейбіт үдеріс жайлы талқылап, Газадағы жағдайға ерекше тоқталдық. Айта кету керек, америкалық әкімшілік тарапынан айтылған Израиль мемлекеті мен оның азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі біздің ұстанымымыз бен әрекеттеріміз толықтай қолдау тапты.

Президенттің күйеу баласы Кушнер және арнайы елші Гринблатт Таяу Шығысқа жиі ат басын бұрып жүр. Олардың мақсаты – екі тарапты да жаңа жоспардың тиімділігімен таныстыру.

Мысалы, Парсы шығанағындағы елдер бұл ұсынысты қолдаса, Рамалла жаңа жоспарға күмәнмен қарайды. 

Саиб Арикат, Палестина әкімшілігі келіссөз тобының жетекшісі:

- Кушнер мырза өзінің берген сұхбатында АҚШ-тың президент әкімшілігі келіссөзден үстемдік танытуға көшкендігін айтты. Олар шешімді қабылдау үшін бұйрық беруге дайын. Бұл дегеніміз, олардың келіссөз үстелінен шығып кеткендігін айқындайды.

Жаңа жоспарды жүзеге асыру үшін Трамп Израильден де, Рамалладан да рұқсат сұрамайтындығын айтқан. Яғни бұл ешкім бас тарта алмайтындай ұсыныс деген еді. Ал қос тарапты көндіру үшін Ақ үй қожайынының қандай шара қолданатыны белгісіз. Содай-ақ жаңа келісімнің мән-жайы да құпия. Болжам бойынша палестиналықтарға Синай түбегінде өз мемлекетін құруға, ал Израильге Батыс жағалаудағы ірі елді мекендерін сақтап қалуға ұсыныс жасалмақ.

Авторы: Сергей Ауслендер

Хабар 24 телеарнасы