384,59 430.70 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қырғызстанда альпинистерді құтқаратын жалғыз тікұшақ жарамсыз болып қалды

  • 559
  • UPD: 10:34, 04.07.2018

Қырғыз елінің туризм саласы айтарлықтай шығынға ұшырауы мүмкін.

Себебі елде альпинистерді құтқаратын көлік жоқ. Бұл аздай, тау бағындырушыларды эвакуациялауға арналған жалғыз тікұшақ жарамсыз болып қалды. Енді туроператорлардың соңғы үміті үкіметте.

18 мемлекеттен 5 мың турист. Бұл – Қырғызстанға келуді жоспарлап отырған саяхатшылардың саны. Олардың мақсаты – жергілікті тауларды бағындыру. Түрлі қиын бағыттағы шыңдар шетелдік альпинистердің қызығушылығын көптен бері тудырып келеді. Алдын ала өтінімдер беріліп қойғанымен, олардың бұл жоспары жүзеге аспайтын түрі бар.

Елена Калашникова, Қырғызстан туроператорлар қауымдастығының мүшесі:

- Әлемнің түкпір-түкпірінен келген альпинистер мен саяхатшылар Хан Тәңірі шыңын бағындыруды армандайды. Тікұшақтың болмауынан енді бұл бағытты жауып, бүкіл әлемге қауқарсыз екенімізді жариялауға мәжбүрміз.

Мұндай жағдай Қырғызстанда соңғы 26 жылда алғаш рет орын алып отыр. Жыл сайын туроператорлар тікұшақты әскерилерден жалға алатын. Жылына 30-ға жуық құтқару операциясы жүргізілген. Ал қазір осы жалғыз ғана тікұшақтың қозғалтқышы істен шығып отыр. Сондықтан туризмнің бұл бағыты мүлдем жабылуы мүмкін.

Владимир Комиссаров, «Таудағы құтқару» ҚҚ төрағасы:

- «Таудағы құтқару» қоры құтқару операцияларын жүргізеді. Біз туристерді тіркеп, құтқару қажет болған жағдайға өтінімдерін жинап аламыз. Енді бізге туристер жүгінген уақытта «кешіріңіздер, біз сіздердің өтінімдеріңізді қабылдай алмаймыз» дейміз. Себебі құтқару жұмыстарын жүргізуге мұршамыз жоқ. 

Жергілікті туроператорлар қауымдастығы қозғалтқышты Қазақстаннан жалға алуды ұсынып отыр. Бұл бүтін бір тікұшақты алудан арзан әрі оңай болмақ. Дегенмен мәселе әлі шешімін тапқан жоқ.

Авторы: Бакыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы