388,81 430,50 6.08
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Қыз Жібек» мюзиклі Оңтүстік Кореяда сахналанды

  • 850
  • UPD: 16:19, 12.07.2018

Қазақтың махаббат туралы лиро-эпостық дастаны енді Оңтүстік Корея тұрғындарына да таныс.

Ұлы дала елі фольклорының інжу-маржаны саналатын «Қыз Жібек» спектаклі халықаралық мюзиклдер фестивалі аясында Тэгу қаласында сахналанды.  

Оңтүстіккореялық Тэгу қаласында өтетін фестиваль - әлемдегі жалғыз халықаралық мюзиклдер шарасы. Оған алғаш рет отандық кәсіби театр шақырту алды. Ұйымдастырушылар артистерден «Қыз Жібек» қойылымын қоюды өтінген. Себебі спектакль қазақтың ұлттық бейнесін айқындайтын бірден бір туынды.  Тэгу қаласында өткен мюзиклдар фестивальіне сегіз мемлекеттің театрлары қатысты. Осылайша оңтүстіккореялық көрермендер өз елінен шықпай ақ өзге елдердің мәдениетімен танысуға теңдесіз  мүмкіндік алды.  

Пак Чонг Сук, Тэгу қаласы халықаралық мюзиклдер фестивалінің атқарушы директоры:

-  «Қыз Жібек» мюзиклы мен көрген туындыларға мүлдем ұқсамайды. Ерекше әрі керемет шығарма. Дегенмен көрермендер оны бірден қабылдамауы мүмкін. Тэгу қаласында өтіп жатқан шарадан соң оңтүстіккореялықтар қазақстандық туындылармен қызығушылық білдіре бастайтынына сенімім мол. 

Опера, рок, қазақтың ұлттық музыкасы, каскадерлық трюктер. Бұл жанрдың барлығы «Қыз Жібек» мюзиклында  көрініс табады. Реквизиттердің көп болғаны соншалық, Кореяға алдымен жүктер бөлек жіберілген. Сондай-ақ қойылымның мәтінін ағылшын және корей тіліне аудару  көп уақытты  талап еткен.

Нұрқанат Жақыпбай, «Жастар» театрының көркемдік жетекшісі:

- Біз фестивальда көптеген басқа мюзиклдарды көрдік. Онда бірі балет билесе,  енді бірі хорда ән айтады. Ал біз балетті де өзіміз билеп, әнді де өзіміз айтамыз. Циркке тән  трюктерді де өзіміз орындаймыз. Біздің ерекшелігіміз де міне осында.

Көрерменнің қошеметіне  қарағанда  «Қыз Жібек» мюзиклы  көпшіліктің көңілінен  шықса керекті. Әсіресе әртістердің дауыс ырғағы мен акробатикалық іс-қимылдарына қонақтар ерекше тәнті болды. 

Чо Хен Джу, Тэгу қаласының тұрғыны:

- Маған қазақ ғашықтарының оқиғасы қатты ұнады. Басты рөлдегі әртістің ойыны көңілден шықты. Менің ойымша корея мен қазақ музыкаларының ұқсастығы қойылымның түсінікті болуына әсер етті. Бүгінгі кештен соң, Қазақстанның мәдениеті мен музыкасы туралы көп дүниені танып білуге құштар болып отырмын.

Қыз Жібек пен Төлегеннің махаббат хикаясы тек көрерменге емес, шара ұйымдастырушыларына да ұнады. Елордалық «Жастар» театрының әртістері болашақта Тэгу қаласына қайта келіп, қазақ өнерінің өзге де туындыларын сахналауға уәде берді.   

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян

Хабар 24 телеарнасы