386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қырғызстан мен ЕАЭО арасындағы тауар айналымы 3 млрд долларға жеткен

  • 633
  • UPD: 09:46, 13.07.2018

Қырғызстан мен Еуразиялық Экономикалық Одақ елдері арасындағы сыртқы тауар айналымы артып келеді.

Ұлттық статистикалық комитеттің мәлімдеуінше, екі тарап арасындағы алыс-беріс үш миллиард долларға жеткен.

Ұлттық статистика комитетінің мәліметі бойынша өткен алты айда сыртқы тауар айналымы 214 миллиард сомды құрады. Өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіштің айтарлықтай арта қоймағанын аңғаруға болады. Экономистердің айтуынша, бұған металлургиялық кен, көлік және қажетті құрылғыларды аз өндірілуі себеп.

Насриддин Шамшиев, ҚР Экономика министрлігінің департамент басшысы:

- Өсімнің тежелуіне көктемнің кеш келуі де әсер етті. Сол себепті ауыл шаруашылығы өнімдері енді ғана пайда әкеліп жатыр.

Қырғыз экономикасының тұрақты болуына Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен арадағы сауда-саттық әсер еткен. Соңғы алты айдағы алыс-беріс 2 миллиард 700 миллион долларды құрады. Ең табысты саланың қатарында тоқыма өндірісі мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты бар. Өзара тауарайналымның басым бөлігі Ресей мен Қазақстан елдеріне тиесілі.  

Чинара Турдубаева, ҚР Ұлттық статистикалық комитетінің бөлім басшысы:

- Ресейге көбінесе трикотаж жейделер экпортталған. Сондай-ақ мақта жібі, ерлерге арналған трикотаж жейде және кептірілген жеміс-жидектер де бар. Ал Қазақстаннан темекі өнімдері, цемент, күнбағыс майы мен бидай ұны импортталған. 

Жергілікті тауарды бәсекеге қабілетті етуге жанармай бағасы әсер етуі мүмкін еді. Бірақ отынның бағасы құбылып, қымбаттап барады. Демек, тауардың бағасы да шарықтайды. Бұл жағдайды Ресеймен арадағы келісім ғана түзеуі мүмкін. Ресейлік тарап бір миллион тоннаға жуық отынды жыл сайын баж салығынсыз жеткізіп отырады. Ұлттық статистика комитеті соңғы әрі нақты қорытынды жылдың соңында белгілі болатынын айтып отыр. Демек, көрсеткіштің еселенуіне уақыт төреші.

Хабар 24 телеарнасы