367.63 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Германия сөрелеріндегі тауарда бағдаршам пайда болуы мүмкін

  • 156
  • UPD: 12:08, 21.07.2018

Германия билігін зиянды азық-түлік мәселесі толғандырып жатыр.

Өйткені жергілікті халық құрамында қанты бар сусынды шамадан тыс көп тұтынады. Адам басына шаққанда, жылына 84 литрден айналады. Тәттіні шектен тыс қолдану қант диабеті, семіздік немесе жүрек қан тамырлары ауруына әкеліп соғуы мүмкін екенін айтып, дәрігерлер дабыл қағып жатыр. Мамандардың айтуынша, мұның алдын алу үшін қантқа салық салу керек.

Жуырда Германия сөрелеріндегі тауарда бағдаршам пайда болуы мүмкін. Егер өнімде қызыл түс болса, құрамында қант көп болғаны. Сары түс – орташа, ал жасыл мүлдем қантсыз өнім дегенді білдіреді. Балалар дәрігерлері, диабетолог және университет профессорлары сынды барлығы екі мың маман бірігіп, Ангела Меркельге ашық хат жолдады. Олар қантты қолдануға заңмен шектеу қою керек деп отыр. Яғни Англия сынды құрамында қанты бар сусын өндіретін кәсіпорындарға салық салу қажет. Олар белгіленген соманы төлемеу үшін 100 мл-де 5 грамм кездесетін шекерді айтарлықтай азайтқан. Берлин де осындай нәтижеге қол жеткізбек. Мұнда лимонадтың 100 мл-да 9 грамм қант бар екен.

Луизе Моллинг, «Foodwatch» ұйымының өкілі:

– Тәтті сусындардың құрамында калория көп болады. Олардың астық құндылығы жоқ және шөлді қандырмайды. Күніне бір бөтелке лимонад ішу, қант диабетіне немесе семіздікке әкеліп соғуы мүмкін. Біз өндірушілер қантты тауарға аз мөлшерде қосуын талап етіп отырмыз. Құрамын қаптамаға үлкен етіп жазулары тиіс. Саясаткерлерден осы мәселе бойынша заң жүзінде шешім қабылдауын сұраймыз.

Және дұрыс тамақтануды қолдаушылар балалар мен жасөспірімдер арасында тәтті өнімнің жарнамасын азайтқысы келеді. Яғни олар бейнеролик пен қамтамада танымал мультфильм кейіпкерлерін қолдануға қарсы. Одан бөлек, мамандар балабақша мен мектеп асханаларында арнайы ас мәзірін әзірлеуді ұсынып отыр.

Ангелика, Берлин қаласының тұрғыны:

– Мектепте оқушылардың не ішіп-жегені бақылауда болса екен деймін. Балаларымыз дұрыс тамақтанса, ұрпақтың дені сау болады. Ал тауар қаптамасында бағдаршамның пайда болуы өте дұрыс деп есептеймін. Мысалы, мен құрамын оқу үшін көзілдірігімді іздеймін. Ал бұл жаңашылдық арқылы бірден өнімнің құрамын көруге болады.

Йошуа, Берлин қаласының тұрғыны:

– Азық-түлікте бағдаршамның болуы – тамаша идея. Менің ойымша да, біз тым көп тәтті қолданып жүрміз. Дегенмен шекерден түбегейлі бас тартуға дайын емеспін.

Франция, Англия, Вьетнам, Чили, Мексика және Португалия. Бұл – қант салығы табысты енгізілген елдердің тізімі. Енді бұл қатарға Германия қосыла ма, әлгі белгісіз. Дегенмен мамандар мен белсенділер шекер мәселесі бойынша соңына дейін күресуге дайын.

Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Хабар 24 телеарнасы