366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Газа секторындағы ахуал ушығып барады

  • 181
  • UPD: 22:11, 21.07.2018

Израиль мен Хамас ұйымы соғыстың шақ алдында тұр. Газа секторындағы шекарада наурыз айынан бері қарулы қақтығыстар жиілеген.

Екі тарап ат алған беттерінен қайтар емес. Түнімен бір-біріне оқ жаудырып, кек қайтаруға асық. 

Газа секторынан маза қашты. Жалпы мұнда алғаш рет 2014 жылы әскери қызметкер қаза болған. Сол кезде күзетте тұрған жауынгерді қарсы тараптан атылған оқ сұлатып түсірген. Іле-шала бұлар да қарымта жауап қатып, арғы беттегі нысандарды атқылады. 

Хамас өз штабтарын эвакуациялап, сол бетте зымыран батареялары Израильдің оңтүстігіне шабуылды үдетті. «Темір күмбез» жүйесі бірнеше оқтұмсықты қағып түсірген, қалғаны ашық алаңқайға түсті. Әскерилер шекараға артилерияны жақындатып, танктерден снарядты қарша боратқан.

Авигдор Либерман, Израильдің Қорғаныс министрі:

- Біз шектен шықпауға тырысып жатырмыз. Бірақ, Хамастың көшбасшылары жағдайды қасақана ушықтырып, шабуыл жасамауға амал қалдырмай отыр. Мұның соңы үлкен әскери операция жүргізуге алып келуі мүмкін. 

Израильдік тараптың мәлімдеуінше соғыстың қажеті жоқ. Тіпті шекарадан инженерлік бөлімдерін алдырып тастады. Шиеленіс кезінде 4 палестиналық жауынгер көз жұмды. Ал Израильдің оңтүстігінде төтенше жағдай жарияланды. Билік тұрғындарға демалыс күндерін бой тасалайтын аумаққа жақын маңда өткізуді ескертті.

Халиль Аль-Хайя, ХАМАС жетекшісінің орынбасары:

- Қарымта жауап қайтару үшін қару-жарық сақадай-сай тұр. Наразылық шаралары жалғаса бермек. Және оны жүзеге асыру құралдарын ауыстырып отырамыз. Жарылғыш қыстырылған әуе шарларынан бастап түрлі тәсілдерді қолданатын боламыз. 

Бүгін таңертеңгілік палестиналықтар тіпті Израильге басып кірмек болды. Бірақ танктердің тосқауылы бұл ойларын жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді. Екі тарап та бір-бірін ымыраға келу туралы келісімді бұзды деп айыптап отыр. Египет және БҰҰ өкілдерінің күш салуымен шабуыл тоқтатылды. Бірақ жағдай тұрақталды деп  айту қиын. Дегенмен, оңтүстік тынышталған. Ал әскерилер кез келген уақытта шиеленіс қайта туындауы мүмкін екенін сезіп, бекіністі күшейткен.

Авторы: Сергей Ауслендер

Хабар 24 телеарнасы