387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Брюссельде «Гүл кілем» дәстүрлі фестивалі ашылды

  • 518
  • UPD: 09:39, 18.08.2018

Шара екі жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Бельгия астанасына мерекені тамашалау үшін әлемнің әр қиырынан мыңдаған турист арнайы келеді.

Брюссельдік жиырма бірінші «Гүл кілем» фестивалі мексикалық мәдени салт-дәстүрге бай Гуанохуато өңіріне арналған. Еріктілер бірнеше сағаттың ішінде Гран-пляс алаңына жарты миллионға гүлді төсеп үлгерді. Әрбір 1800-шаршы метрге 300-дей түп бөлінген. Гүлден жасалған паззлдың қақ ортасына Мексиканың символы саналатын құстың бейнесі салынды. Бұл кілемді сәндеу үшін Фландрии өңірінің бегониясы мен нарғыз гүлі таңдап алынған. Себебі гүлдің дәл осы түрі ауа райының құбылуына бірнеше күн бойы төтеп бере алады. 

Сабина Пауэр, Германиядан келген турист:

- Гүлден жасалған кілем тамаша әрі ерекше дүние. Осы бір үрдісті  мыңдаған турист  арнайы тамашалады. Брюссельде жүргеніме міне  үш ай болды. Бүгін арнайы осы фестивальді тамашалауға келдім.

Карел Гуэтхалс, ұйымдастырушы:

- Гүлден жасалған кілемді салу дәстүрі 1971 жылы басталды. Алғашында бұл тек белгиялық бегониялардың сатылымын арттыру үшін жасалған. Кейінірек үлкен туристік шоуға айналды. Биыл Гран-Пляс алаңыны ЮНЕСКО Дүниежүзілік мұрасы тізіміне енгеніне 20 жыл толуымен қатар келіп отыр. Сол себепті жақын күндері ЮНЕСКО-ға мүше 9 елдің қатысуымен тағы бір гүлден жасалған кілем салынады. 

Нағыз эстетикалық шоуды тамашалау үшін фестивальға жасы да жасамысы да жиналды . Ерекше әрі көздің жауын алатын туынды туристер тарапынан аса қызығушылық  танытты.

Каролина Паулино, Италиядан келген турист:

- Мен бұл фестивальға алғаш рет келіп отырмын. Дегенмен, әр екі жыл сайын өтетінін білемін. Туристердің қарасы қалың. Фотоға түсіп, әдемі сәтті естерінде сақтап қалу үшін барлығы  келіп жатыр. Италияда да осыған ұқсас фестиваль бар. Дегенмен, белгиялық шара өзгелерден ерек. 

Гүлден жасалған кілем күндіз сан түрлі түспен айшықталса, кешкісін жарықтар іске қосылып, музыкалық шоуға айналады. Бұл шара 19 тамызға дейін жалғасады.

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов

Хабар 24 телеарнасы