386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Украиналық гривна құнсызданды

  • 454
  • UPD: 11:48, 18.08.2018

Соңғы бір айдан бері Украинаның төл ақшасы гривна құнсызданып жатыр. Сауда нәтижесі бойынша ұлттық валютаның құны 4 пайызға төмендеген.

Салдарынан жанар-жағармай, коммуналдық төлемдер мен жол ақысы қымбаттады.

Бір ай бұрын ғана бір доллардың құны 26 гривень 30 тиын болған еді, қазір ақша айырбастау бекеттеріндегі шет ел валютасының құны 27-28 гривенді көрсетіп тұр. Соңғы бір айда метромен жүру ақысы 4 гривнадан 8-ге дейін көтеріліп, автобус, трамвай сияқты қоғамдық көліктердің де бағасы бірден екі есеге артты. Өкініштісі, бағаның қымбаттауы күзде қайта жалғасын табады деп болжайды сарапшылар. 

Дмитрий Глумов, газ және мұнай нарығының сарапшысы:

- Шілде айының ортасынан бері Украина гривнасының курсы 4 пайызға төмендеді. Ұлттық валютаның құнсыздануы шет елден тасымалданатын мұнай өнімдері бағасының артуына ықпал етті. Соңғы үш аптада жанармай бекеттеріндегі бензин және дизель отынның бағасы 50, сұйытылған газ 70 тиынға көтерілді. Отын операторлары мұнай бағалары әлі де өседі деп жариялады.  

Сараптамалық компания өкілдері де бағаға қатысты жағдай күзде ушығады деп болжам жасайды. Ұлттық валютаның бағасы төмендей беретін болса, мемлекет инфляцияға ұшырайды.

Александр Сиренко, газ және мұнай нарығының сарапшысы:

- Украина импорттық тасымалға тұтас тәуелді ел. Біз мұнай өнімдерінің барлық түрін шет елден гривна емес доллар мен евроға сатып аламыз. Бұл Украина экономикасының ең осал тұсы. Сондықтан шет ел валютасының әр өзгерісі бізге қатты сезіледі. Айталық, гривна құнсызданса, бірден коммуналдық төлемдер, жанармай бекеттеріндегі отын және қызмет түрлерінің бағасы көтеріледі. 

Газ және мұнай нарығының сарапшылары және трейдерлер мен экономистер пессимисттік болжам жасап отыр. Күзде бензин бағасы тағы көтеріліп, ұлттық ақша әзір тұрақталмайды. Гривнаның әлсіреуіне сыртқы сауда балансының теріс сальдосы әсер етіп тұр. Бұл дегеніміз Украинаға тасымалданатын шетелдік тауарлардың импорты 30 пайызға дейін өсіп кеткен. 

Авторлары: Аида Қыдырбай, Михаил Мищенко

Хабар 24 телеарнасы