389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ердоған елдерді доллардан бас тартуға шақырды

  • 827
  • UPD: 00:02, 04.09.2018

Әлемдік сауда нарығында доллардың үстемдік етуін тоқтату керек. Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған осылай деп мәлімдеме жасады.

Оның айтуынша, өзара сауданы жеңілдету мақсатындағы долларға тәуелді жүйе, бүгінде сауда соғысы мен протекционизмге ұласып үлкен мәселе тудырып отыр. 

- АҚШ пен Түркия арасындағы қарым-қатынас қалай өрбуде? Ердоғанның бұлай мәлімдеме жасауына не түрткі болды?

 - Екі тарап арасындағы ушыққан қарым-қатынастың соңы осындай мәлімдемеге әкеліп отыр. Баж салығы, лира құнсыздануы. Енді міне Түркия АҚШ долларынан бас тартып, сауда-саттықты ұлттық валютада жүргізбек ниетте екен.

Кеше ғана Қырғызстанда өтіп жатқан бизнес форумда сөз сөйлеген Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған «доллардан түбегейлі бас тарту керек» деп мәлімдеме жасады. Оның айтуынша АҚШ валюта бағамдарына айла-шарғы жасау арқылы Түркияның тұрақты және мықты экономикасына кедергі келтірмек.

Жалпы Вашингтон мен Анкара арасындағы қарым-қатынастың ушығуына бірнеше жағдай себеп болды. Оның қатарында 2016 жылы түркиялық билік тарапынан американдық пастор Эндрю Брансонның тұтқындалуы бар. Одан соң АҚШ Қаржы министрлігі Түркияның Әділет министрлігі басшысы Абдулахмит Гюльге және Ішкі істер министрлігінің басшысы Сүлейман Сойлуды «адам құқықтарын бұзды» деп айыптап, санкция салды.

Оның ізінше 10 тамыз күні АҚШ Президенті Дональд Трамп алюминий мен құрышқа қатысты баж салығын екі есеге көбейтті. Ол 20 пайыздан 50 пайызға дейін күрт өсті. Бұл лираның құнсыздануына әкеліп соқты.

Вики Прайс, экономист:

- Түркиядағы инфляция ондаған пайызға жетті. Мемлекеттік қарыз 5-6%. Айтарлықтай көп болмағанмен шығын бар. Сондай-ақ президент экономиканы өсіру мақсатымен көптеген жобаны бастаған. Алайда ешқайсы жүзеге аспады. Саяси жағдаймен қатар АҚШ және Германиямен ара қатынастың бұзылғанын да ескеру керек. 

Мұнан соң Режеп Тайып Ердоған Ақ үйдің бұл әрекетін «ту сыртымыздан пышақ салды» деп сипаттап, АҚШ-тан импортталатын электроника тауарларына бойкот жариялады. Тауардың 22 түріне 533 миллион доллар көлемінде салықты ұлғайтты. 

Мұндай мәлімдемені, яғни доллардан бас тарту жайлы Ресей Президенті Путин де жасаған болатын.  Ол кезінде мемлекеттік думаға долларды еуроға алмастыруды да ұсынған еді. Оның нәтижесі әзірге белгісіз. Ал Ирак пен Иран сауда саласында есептесу бойынша долларды қолданбайды. Бұл туралы Иран-Ирак сауда палатасының төрағасы Яхия әл-Эшхак айтқан болатын.

Осылайша бірі доллардан бас тартып, сауда операциясын ұлттық валютада жүргізіп жатса, ал енді бірі бұл үдеріске кіріскелі жатыр. Дегенмен, кез келген мемлекет доллардан бір күнде бас тарта алмайды. Бұл ұзақ уақытқа созылатын үдеріс. Және тек уақыт еншісінде.

Хабар 24 телеарнасы