389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ауғанстанның білімді ұрпағы терроризмді жеңе ала ма?

  • 491
  • UPD: 20:10, 05.09.2018

Ауғанстанда бірнеше жылға созылған соғыс елдің әлеуметтік жағынан өркендеп, дамуына кедергі болып келеді.

Жастар білім алғысы келеді. Бірақ бұл орындалмас арманға айналып барады.

Ауғанстанда 3,7 миллионнан астам бала мектеп табалдырығын мүлдем аттамаған. Көрсеткіштің күн санап артуына елдегі жасақшылардың шабуылы тікелей байланысты. Мәселен, кеше ғана Ауғанстанның шығысында орналасқан Пактика елді мекенінде бірден үш мектепке шабуыл жасалған. Белгісіз жасақшылар таңғы 7:00 шамасында қолдан жасалған жарылғыш затты екі мектепке тастаған. Және тағы бір білім ошағына жарылғыш зат төбеден түскен. Абырой болғанда, онда оқушылар болмаған. Дегенмен жарылған нысандар жөндеуге де келмейді. Әзірге ешқандай экстремистік ұйым бұл лаңкестік әрекетті өз мойнына алмады.

Елдегі жасөспірімдер білім алуға құштар, ынта-жігері асып-тасып тұр. Тек ол үшін мектептерде жағдай жасалмаған. Адам өміріне қауіпті.

Паймана, 12 жаста:

- «Талибан» содырлары дәл біздің үйдің жанында. Мектепке бару басыңды бәйгеге тіккенмен бірдей. Мемлекет бізге қауіпсіз мектеп ашып берсе екен. Біздің білім алғымыз келеді.

Өткен жылы жарияланған БҰҰ-ның есебі бойынша Ауғанстанда мектепке бара жатқан жолда 923 бала қаза тапқан. 2 589 оқушы қатты жараланған. Ал Ауғанстанның білім министрі Мирваис Балхи болса бұл мәселені жоюға талпынып жатырғандарын айтады. 

Мирваис Балхи, Ауғанстанның білім министрі:

- Шын мәнінде Ауғанстан тұрғындары – батыр халық. Елімізде болып жатқан түрлі қауіп-қатерге қарамастан, ауғанстандық жастардың білім алуға деген құштарлығы жоғары. Егер біз 100 пайыз сауатты халықты тәрбиелеп, білімді жастардың қатарын арттырсақ, терроризмді жеңеріміз сөзсіз.

Министр осылай дейді. Сонда терроризм тек халықтың білімсіздігінен етек жайып бара ма? Тұрғындардың сауатсыз болуына елдің экономикасы да әсер етуде. Халықтың өмір сүру деңгейі төмен. Одан бөлек, ресми деректер бойынша әйелдердің 17 пайызы ғана хат танып, оқи алады екен. Қалғандарының білім алуына отбасылары қарсы. Тағы әйел оқытушылар жетіспейді. Осылайша мәселені тізбектей беруге болады.

Ауғанстандағы жағдай осы. Үкіметтік күштер «Талибан» радикалды қозғалысының содырларымен үздіксіз күресіп келеді. Ал экономикалық ахуал құлдырап барады. Жұмыссыздық деңгейі өскен. Барлық халықаралық ұйымдар бұл мәселені көтеріп жатыр. Әзірге оның да нәтижесі болмай тұр.

Авторы: Жансұлу Дүйсенәлі

Хабар 24 телеарнасы