382,38 428.95 5.97
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қос Корея елдерінің саммиті Пхеньянда өтеді

  • 440
  • UPD: 22:28, 06.09.2018

Әлемде ядролық қарусыздану мәселесі желдей есіп тұр.

Үшінші қос Корея саммиті 18-20 қыркүйек аралығында Корей Халық Демократиялық Республикасында өтеді. Бұл туралы Пхеньянда өткен Оңтүстік Кореяның арнайы өкілі мен Ким Чен Ынның кездесуінен соң белгілі болды. Сондай-ақ бұл жиында Ким Чен Ынға арнайы өкіл Корея Республикасының президенті Мун Чже Инның жолдауын жеткізген. Ал КХДР көшбасшысы арнайы өкіл арқылы АҚШ-қа үндеу жіберді.

- Оңтүстік Кореяның арнайы өкілі арқылы жолданған үндеулер не туралы екен?

- Бұл жолдаудың мазмұны барлық БАҚ өкілдеріне құпия болып отыр. Дегенмен, Корея Халық Демократиялық  Республикасының көшбасшысы Ким Чен Ын мәлімдеме жасап үлгерді. 

Үшінші қос Корея саммиті басты тақырыбы Корея түбегін толықтай ядролық қарудан ада ету.  Бұл туралы Оңтүстік Кореяның арнайы өкілі Чон Ый Ён кездесуден соң мәлімдеді. Оның айтуынша Ким Чен Ын 2021 жылы Дональд Трамптың президенттік қызметі аяқталғанша ядролық сынақ өткізетін барлық нысанның көзін жоймақ.

Чон Ый Ён, Оңтүстік Корея президентінің қауіпсіздік бойынша кеңесшісі:

- КХДР көшбасшысы Ким Чен Ын Корея түбегін толықтай ядролық қарусыздандыруға дайын екендігін жеткізді. Және ол үшін тек Оңтүстік Корея мен ғана емес, Америка құрама штаттарымен де тығыз ынтымақтастық орнатуға әзір. Бұл арқылы 70 жылға созылған соғысқа нүкте қойылмақ. 

Маусым айында Сингапурде АҚШ президенті Дональд Трамп пен КХДР көшбасшысы Ким Чен Ынның тарихи кездесуі өткен болатын. Онда тараптар ортақ келісімге келді. АҚШ Оңтүстік Кореяда әскери жаттығу өткізуден бас тартты. Ал Корея тарапы ядролық сынақ жасауға арналған нысандарының көзін жоюға уәде берді. 

Дональд Трамп, АҚШ Президенті:

- Біз ортақ келісімге келдік. Ким Чен Ынның өз халқы үшін бейбіт болашақ қамтамасыз етуіне мүмкіндігі бар. Кез келген ел қарулы қақтығысқа түсе алады. Тек батылдары ғана өз еліне бейбіт өмір сыйлап халықтың қамын ойлайды.

Бұл Сингапурдегі кездесуден соң Трамптың жасаған мәлімдемесі. Солтүстік Корея көшбасшысы да бұл келісімге қол қоюды екі тарап арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңі деп атады. Дегенмен, бұл кездесуден соң КХДР тарапынынан ядролық қарусыздандыру жолында ешқандай шара қабылданбады.  Сәйкесінше бұл әрекетке Трамптың көңілі толмай мемлекеттік хатшы Майк Пампеоның Оңтүстік Кореяға жоспарланған сапарын кейінге қалдырды. 

- Менің ойымша, біз Корей түбегі тарапы мен ядролық қарусыздандыру жолында толықтай келісімге келмеген  сияқтымыз. Олардың тарапынан құжатқа қол қойылған соң ешқандай шара қабылданбады. Сондай-ақ, Қытаймен арадағы сауда соғысына байланысты олар Корей түбегіндегі қарусыздандыруға көмектесіп жатқан жоқ. Жақын арада бұл кездесу жүзеге асады деген сенімдемін.

Трамптың бұл мәлімдемесімен Ким Чен Ын келіспейді. Бұл туралы ол кеше оңтүстіккореялық арнайы өкілмен өткен кездесуден соң мәлімдеді. Оның айтуынша, Пхунгери полигонын бұзған соң онда ядролық сынақ жүргізу мүмкін емес. Ол «халықаралық қоғамдастық Пхеньянның әрекетін бағаламай отыр» деп, өз ойын білдірді. 

Тараптардың осындай мәлімдемесінен соң АҚШ пен Корей түбегі арасындағы келісім бұзылуы мүмкін бе деген сұрақ туындайды. Ал оның жауабы кореяаралық самиттен соң белгілі болуы ықтимал.

Хабар 24 телеарнасы