384,59 430.70 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Украинадағы базалық инфляция деңгейі 9%-ға дейін жетті

  • 386
  • UPD: 11:30, 13.09.2018

Сала мамандары бұл көрсеткіш жыл аяғына дейін 12%-ға артады деп болжайды.

Азық-түлік және коммуналдық төлемдер де қымбаттады. Жылыту маусымында газ бағасының өсімі 100%-ды құрауы мүмкін. Киевтен меншікті тілшіміз әңгімелейді.

Елдегі инфляцияның деңгейі ұлттық ақшаның құнсыздануы, тауар тапшылығы әрі тарифтің өсіміне тікелей байланысты фактор. Экономикасы дағдарыс алдында тұрған Украина күз басталғалы доллар мен отын бағасын тұрақты ұстай алмай тұр. Статистикалық агенттіктің ақпараты бойынша базалық инфляция деңгейі 9%-ға жетті, өткен жылмен салыстырғанда азық-түліктің барлық түрі 30%-ға дейін қымбаттаған. Жылыту маусымы кезінде ыстық және суық су төлемі 20%-ға дейін артып, газ бағасына қатысты тариф бірден екі есеге дейін көтерілуі мүмкін.

Святослав Павлюк, «Украинаның қуат үнемдеуші қалалары» қауымдастығының төрағасы:

- Электр энергиясы қымбаттады, әлі де қымбаттай түседі. Өсім 15%-дан 18%-ға дейін артады деген болжам бар. Жылыту маусымы кезінде мемлекет көбіне көмірді көп тұтынады, сондықтан көмір бағасы, сәйкесінше, қуат көздері де қымбаттайды. Қазір Украина халықаралық қаржы қоры бөлетін кредитті күтеді.

Халықаралық қаржы қорының да ресми Киевке қойып отырған бірқатар талабы бар. Сот, денсаулық, білім саласындағы реформадан бөлек Украина газ төлемін нарық талабына сай реттеуі тиіс. Бұл саясат жылыту маусымындағы бағасы бірден екі есеге артуына әкеп соғады.

Андрей Блинов, қаржыгер, экономист:

- Жылыту маусымы кезінде газ бағасы бірден 100%-ға дейін артуы мүмкін. Бұл инфляция деңгейінің әрі қарай артуына, жалақының төмендеуіне және халықтың ашуына әкелетін фактор. Биыл ыстық және суық судың да бағасы 10-15%-ға дейін өседі.

Украина экономикасы Еурпопалық одақ әрі халықаралық қаржы қорынан несие ақшасының бөлінуін асыға күтеді. Қажетті қаражат қазына қорын толтырмаса, ресми Киев экономикалық дефолт жариялайды деп мәлімдейді мамандар.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Михаил Мищенко

Хабар 24 телеарнасы