383,35 434.70 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сауд Арабиясы Израильден қару сатып алады

  • 448
  • UPD: 08:10, 14.09.2018

Сауд Арабиясының үкіметі Израильден «Темір күмбез» деп аталатын зымырандардан қорғайтын жүйенің бірнеше батареясын сатып алатынын жариялады.

Бұл Йемендегі бүлікші хуситтердің үнемі жасап жүрген зымыран шабуылдарынан қорғану үшін қажет болса керек. Осылайша Парсы шығанағындағы ең беделді елдердің бірі алғаш рет еврей мемлекетінен қару сатып алмақ.  

Бұл күтпеген жаңалық болғаны рас. Израиль бірегей қаруды  сатқысы келмесе керек. Бірақ АҚШ әкімшілігі оны бұл райынан қайтара білген. Расында Сауд Арабиясы бұрында да израильдік технологиялар мен құрал-жабдықтарды өзге елдерден құпия түрде сатып алып жүргені мәлім. Эр-Риядтың еврей мемлекетінен қаруды сатып алатынын жариялауы бұл елдің сыртқы саясаты күрт өзгергенін көрсетіп отыр. Сауд Арабиясы Йеменде бірнеше жыл бойы бүлікші хуситтермен соғысып жүр. Соңғы кезде олар Арабияның ірі қалаларын алысқа ұшатын ирандық зымырандармен атқылайтын болған. Эр-Риядтың бұған қарсы қорғанатын құралы жоқ екені белгілі. Ал Газадағы соңғы соғыс кезінде «Темір күмбез» палестиндіктер атқан зымырандардың басым бөлігін қағып түсірген болатын.

Александр Непомнящий, саясаттанушы:

- Израильге осы сауда-саттықтан түсетін бас пайда ақша емес. Ұзақ уақыт қас жауы саналып келген Сауд Арабиясымен осындай сезімтал салада ынтымақтастық орнатуы болып отыр. 

Жағдай Эр-Рияд пен Тегеран арасында ірі жанжал басталғаннан кейін күрт өзгерді. Иран Йемендегі жасақшыларды ашық қолдап жүр. Оларды қарумен қамтамасыз етіп,  нұсқаушылар да  жіберіп отырады.

Александр Непомнящий, саясаттанушы:

- Бүгінде Сауд Арабиясы үшін ең маңыздысы өзін Ираннан қорғай білу. Әсіресе осы текетіресте Тегеранның алғы шебі саналатын хуситтерден сақтану басты назарда. Осы мақсатта Израильмен келісімге бару ең тура әрі жеңіл жол болып отырғаны рас.

Қаруды сатып алу туралы келісім алдағы айларда жүзеге асырылмақ. Ал бірінші батарея Сауд Арабияға келесі жылдың басында жеткізіледі. 

Авторы: Сергей Ауслендер

Хабар 24 телеарнасы