378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Brexit төңірегіндегі дауға нүкте қашан қойылады?

  • 532
  • UPD: 21:41, 21.09.2018

Әлем көз тігіп, аңдыған Brexit келісімі жүзеге аспауы мүмкін.

Австрияның Зальцбург қаласында өткен саммиттің нәтижесі осындай. Еуропалық кеңес төрағасы Дональд Туск та, Франция Президенті Эммануэль Макрон да Ұлыбритания премьері Тереза Мэйді сынап, бар жұмысын түкке алғысыз етіп шығарды. Бүгін «Тереза Мэй бәрін қайтадан бастайды», «Ұлыбритания ұсынысы қабылданбады» деген ақпар әлеуметтік желіде тарап жатыр. Себебі келіссөздің тығырыққа тірелуіне Тереза Мэйдің тиімсіз ұсынысы әсер етсе керек.

Екі жылға созылған Brexit келісімінде алға жылжу болады деген қатысушылардың үміті саммиттен соң сөнді де қалды. Еуропалық Кеңес төрағасы Дональд Туск Ұлыбританияның Еуроодақтан бөлінуі бойынша «Чекерс жоспары» жарамсыз деді. Оның айтуынша, келіссөздің шарттары Еуроодақ елдеріне мүлдем тиімсіз. Бұл пікірді Франция Президенті Эммануэль Макрон да қостады.

Эммануэль Макрон, Франция Президенті:

– Британдық билік өкілдері осы жазда көптеген бастама ұсынды. Бұл – өте жақсы идеялар әрі премьер-министрдің жасаған батыл қадамы. Дегенмен ұсынылған шарттар қолайсыз. Әсіресе, экономикалық салада тиімсіз.

Тереза Мэйдің өкпесі қара қазандай. Ол керісінше, Еуроодақ тарапынан Brexit бойынша тиімді, Ұлыбританияның көңілінен шығатын ұсыныстар түспеді дейді. Сондай-ақ премьердің айтуынша, Ұлыбритания үшін қолайлы келіссөз болмаса, Лондон ешқандай келісімсіз-ақ одақ құрамынан кетуге дайын.

Тереза Мэй, Ұлыбританияның премьер-министрі:

– Дәл қазір Біріккен Корольдіктің тұтастығын қолдайтын, референдум қорытындысын сыйлайтын бірде-бір ұсыныс жоқ. Егер біз Еуроодақпен тиімді ортақ шешімге келе алмасақ, онда біз «no-deal-ға», яғни келіссөзсіз құрамынан шығуға дайынбыз. Және жақын арада Еуроодаққа Ирландия шекарасы жайлы ұсынысымызды жеткізетін боламыз.

Естеріңізге сала кетейік, Brexit үдерісі 2016 жылы басталған еді. Яғни Ұлыбритания сол жылы Еуроодақтан шығу жөнінде шешім қабылдап, елде референдум өткізеді. Халықтың 52 проценті бұл бастаманы қолдайды. Сонымен Ұлыбритания үкіметі іске кірісті. Түрлі кездесулер, саммиттер, келіссөздер жүргізілді. Ал алдағы қараша айында соңғы әрі нақты шешім қабылдануы тиіс. Оған дейін тараптар үш тармақ бойынша келісімге келу керек. Ол Еуроодақтан шығу келісімін аяқтау, Ирландия шекарасына қатысты мәселені шешу және болашақ қарым-қатынастың форматын анықтау.

– Мен Еуропаның бір бөлігі болғанымызды қалар едім. Мен үшін Еуроодақ – дұрыс әрі прогрессивті идея. Бірақ Британия өзін Еуропаның құрамдас бөлігі ретінде ешқашан сезінген емес және бұл референдумға әсер етті.

– Мен Еуропадан шығу үшін дауыс бердім. Меніңше, Еуроодақтың проблемасы көп. Және олар демократиялық құндылықтарымызға қайшы.

Қарапайым тұрғындар осындай пікірде. Ал үкіметтегілер Ирландия шекарасына қатысты ортақ шешімге келе алмай дал. Еуроодаққа мүше болып қалған 27 мемлекеттің көшбасшылары Солтүстік Ирландия мен Ирландия Республикасының арасында қайта шекара тұрғызуға қарсылық білдірді. Ал британдықтар Біріккен Корольдіктің бөлінгенін қаламайды.

Дональд Туск, Еуропалық Кеңес басшысы:

– Біз келесі келіссөздердің уақытын талқыладық. Brexit бойынша ең басты шешім қазан айындағы Еурокеңесте қабылдануы тиіс. Келіссөздердің алға жылжитындығына сенімдіміз. Содан соң, қараша айында саммит өткіземіз бе, өткізбейміз бе соны шешеміз. Егер өтетін болса, 17-18 қараша, сенбі-жексенбі күндеріне қоямыз.

Енді жаһан жұрты келесі әрі соңғы келіссөзді күтері анық. Ал Ұлыбритания үкіметінің бұрынғы басшысы өз болжамын жасап үлгерді. Бұл отқа май құю ма, әлде отандастарын қолдау ма? Кім білсін.

Тони Блэр, Ұлыбритания үкіметінің бұрынғы басшысы:

– Мен алдағы 5 жылға болжам жасайын. Көреміз, қателесем бе, жоқ па. Ол былай: Ұлыбритания Одақтан шыққан соң да, Еуропа күнін көре алады. Жыл өткен сайын қарқынды дамиды. Ал Ұлыбритания болса Brexit-тен бас тартатын болады.

Жаһандық сарапшылардың пікірінше, осымен келіссөз аяқталды. Тереза Мэйдің енді басқа амалы да, уақыты да жоқ. Барлығын қайта бастауына болады. Жаңа жоспар құрып, Еуроодақтың қолдауын іздеп дегендей. Дегенмен, премьердің соңғы келіссөзге дейін төрт-ақ апта уақыты қалды.

Бұл шынында өте қиын үдеріс болмақ. Келіссөздер үстелінде «қатаң брекситтің» сценарийі ғана қалуы да мүмкін.

Хабар 24 телеарнасы