382,38 428.95 5.97
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оңтүстік Кореядағы көрмеде күннен қуат өндіретін 160 жаңа құрылғы қойылған

  • 428
  • UPD: 07:36, 03.10.2018
Оңтүстік Кореядағы көрмеде күннен қуат өндіретін 160 жаңа құрылғы қойылған

Сеулдің басты алаңында күн энергетикасының көрмесі өтті.

Онда күннің көмегімен қуат өндіретін 160 жаңа құрылғы қойылған. Ауа райы ашық болып, қатысушылар өз құрылғыларының бар мүмкіндіктерін көрсете алды. Мәселен, көрмеге келушілер антеннаға ұқсас құралдың көмегімен дайындалған тағамдардың дәмін татты. Оған күн сәулелері түскенде, ол ыдысты жүз градус Цельсийге дейін қыздырады. Ал өзге бір құрылғы, керісінше, бөлмені салқындата алады. Осындай батареялар қоғамдық көліктің үстіне орнатылып, кондиционерлер оның күшімен жұмыс істейді. Алғаш рет Сеулдегі көрмеде жарысқа қатысқан автокөлік көрсетілген. Оны Сеулдегі Кунмин университетінің студенттері жасап шығарған. Болид Австралияда өтетін күн көліктерінің жарысында 3 мың шақырым қашықтықты өтті. Сеулдегі көрменің мақсаты – қала тұрғындарының назарын күн энергетикасына аудару. Қала әкімшілігі 2022 жылға дейін күннің көмегімен бір гигаватт қуат өндірілетінін мәлімдеді.

Ли Су Джин, Кунмин университетінің студенті: 

- Автокөлігіміздің батареяларын қуаттауға 4 сағат кетеді, бұл көліктің үш сағат жүруіне жетеді. Ол сағатына 130 шақырым қашықтықпен қозғала алады. Австралиядағы жарыста біз 44 команда арасынан он төртінші орынды иелендік. Дегенмен Кореядан келген жалғыз команда болғанымызды мақтан тұтамыз.

Хабар 24 телеарнасы