383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Гондурастық мигранттар Орталық Американы әбігерге салды

  • 624
  • UPD: 20:35, 16.10.2018

Гондурастан шыққан мигранттар керуені АҚШ-қа қарай жол тартты.

Қазір олардың саны 2 мыңға жуықтаған. Әсіресе әйелдер мен балалар көп. Бірі Мексикадан пана таппақ болса, енді бірі АҚШ-қа кіру визасын рәсімдемек. Ал рұқсат алмағандар заңсыз жолмен де шекара аспақ. Босқындардың туып-өскен жерінен бас сауғалап қашудың себебі – елдегі кедейлік пен зорлық-зомбылық. Статистикаға сәйкес, Гондурас халқының 64 пайызынан астамы жоқшылықта күн көруде. Жалпы ішкі өнім көлемі 22,98 триллион доллар. Жаһан экономикасына қосар үлесі небәрі 0,04 процентті құрайды. Орталық Америкадағы иммигранттар көші АҚШ билігін де алаңдатып отыр.

Мексика тарабын қайдам, ал АҚШ мигранттарды қабылдай қоюы екіталай.

Гватемалаға ағылған гондурастықтар шекараға келгенде тәртіп сақшыларына тап болды. Алайда солтүстікке беттеген келімсектерді бұл тоқтатар емес. Болашағы бұлыңғыр екенін біле тұра, тәуекелге бел буып, қазанның 13-і күні алыс сапарға шыққан. Кей деректерге сәйкес, олардың саны 2 мыңнан асып жығылады. Гондурастағы жоқшылық пен қылмыстан әбден мезі болған олар өзге елде бағын сынамақ ниетте.

Хорхе Антонио Перез, мигрант:

- Біз елден кеттік, себебі Гондурастағы жағдай осылай жасауға мәжбүр етті. Неге дейсіздер ғой? Өйткені Гондурас – әлемдегі ең кедей елдердің бірі.  Үкіметіміз халықтың жағдайын ойламайды. Болашақта ешқандай өзгеріс болмайтынын білген соң, біз осылай үдере көшуге бел будық. Ең болмаса басқа жерде жағдайымыз жақсара ма деген үміт бар. Ал күн көрісі қиын, қылмыстан көз ашпайтын елде еш нәрсе өнбейді. Жан бағу қиын болып кетті, азық алуға мүмкіндік жоқ. Электр қуатының бағасы да удай.

Марвин Рамирез, мигранттар керуенін ұйымдастырушы:

- Біз Мексикаға қарай бет алдық. Гватемала арқылы басып өтуді жоспарлап отырмыз. Бұл ретте айтарым, бізді қолдағысы келсе, Гватемала жолымызға кедергі келтірмеуі керек. Олардың заңын бұзудан аулақпыз. Бұл ауыр сыннан өту үшін бізге көмек керек. Мексикаға дейін көлікпен апарып тастаса, риза болар едік. Мексика бізді күтіп алады деген үміттеміз.

Осылайша босқындар Гватемаланы басып өтіп, Мексика мен АҚШ-қа қарай өтпек. Бұл Мексика мен Америка арасындағы көші-қон жағдайын қиындатқалы тұр. Айта кетерлігі, АҚШ конгресіне Мексикаға ағылған босқындарды кері қайтаруға 20 триллион доллар бөлу туралы ұсыныс түскен еді. Бұл қаржының көмегімен 17 мың адамды туған елдеріне қайтаруға болады. Алайда Мексика ұсынысты әлі қабылдаған жоқ. Бұл елдің сыртқы істер министрлігі мәлімдегендей, үкімет жоспарды әлі талқылап жатыр. Өткен аптада Вашингтон Гондурас, Сальвадор мен Гватемала басшыларын сол елдерден ағылған келімсектердің мәселесін шешуге шақырған болатын. Сол кезде АҚШ-тың вице-президенті заңсыз мигранттарға қатысты нақты пікірін білдірді.

Майк Пенс, АҚШ вице-президенті:

- Айта барыңыздар: АҚШ-қа заңсыз өту мақсатында солтүстікке қарай бет алып, өз отбасыларын қатерге тікпесін.

Егер мигранттар легі тоқтатылса, Ақ үй Гондурас, Сальвадор мен Гватемалаға қаржылық демеу көрсетуге уәде берген еді. АҚШ-тың қолдауына зәру Гондурас көрші Гватемаламен көші-қон мәселесін реттеуге мүдделі. Бұл ретте көші-қон жөніндегі институты ресми мәлімдеме жасап үлгерді. Мәлімдемеге сәйкес, заңсыз деп танылған келімсектер керуенінің мақсатына жетуі екіталай.

Гондурастың көші-қон жөніндегі институты: «Гватемала бей-берекет миграцияны қолдамайды, сондықтан көші-қон сынды мәселеде адам құқығын бұрмалайтын әрі заңсыз түрде ұйымдастырылған қозғалыстан бас тартып отыр».

Жалпы, заңсыз миграция АҚШ-та күн тәртібінен түспейтін түйткілдердің бірі. Өзектілігі жоғары мәселе әсіресе конгрестегі сайлау науқаны барысында одан сайын қыза түспек.  

Дана Франк, адам құқығы бойынша сарапшы:

- Мигранттар көші қай жақтан келсе де, АҚШ-та келімсектердің басып кіруіне қатысты алаңдаушылық туады. Және алдағы сайлау барысына ықпал ету үшін бұл мәселені қолданып қалуға тырысады. Басқалары мигранттарға жаны ашып, тиімді көші-қон реформасын енгізуді талап етпек.

Заңсыз келімсектерге қатысты Ақ үй басшысының қатаң ұстанымы көпке белгілі. Бұл мәселеде үнсіз қалмайтын Дональд Трамп өз қағидасын тағы да еске салды.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

- Бізге анау-мынау емес, Америка азаматы атануға лайық адамдар керек. Яғни бізге пайдасын тигізетіндер керек. Бұл өте маңызды. Біздің ел – әлемдегі экономикасы ең мықты әлеуетті ел. Қытай немесе басқа елдерге қарағанда адамдар біздің елге келгісі келеді.

Трамптың бұл сөзінің жаны бар. Тек ағымдағы жылдың 11 айында ғана АҚШ-тың оңтүстік-батыс шекарасында 90 мыңнан астам заңсыз мигрант тіркелген. Осыдан екі жыл бұрын олардың саны 78 мыңды құраған еді.

Авторы: Бақыт Топтаева

Хабар 24 телеарнасы