384.05 434.70 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қырғызстандық автокөлік нарығында тоқырау байқалады

  • 477
  • UPD: 09:50, 18.10.2018

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, мұндағы темір тұлпарлардың 90 проценті қолданыстағы көліктер санатынан.

Яғни жаңа көліктердің үлесі аз. Еуразиялық экономикалық одаққа кіргеннен кейін машина бағасы күрт көтерілген. Дей тұрғанмен мұндағы темір тұлпарлар құны қазақстандық нарыққа қарағанда арзанырақ.

Еуразиялық экономикалық одаққа енгелі Қырғызстанда шеттен импортталатын көліктердің кедендік салығы өсті. Автокөлік нарығындағы сауда саябырсып, елге әкелінетін шетелдік көліктердің саны қысқарған. Әсіресе оң жақ рөлді темір тұлпарлардың саны күрт азайды. Себебі ел үкіметі бұл санаттағылардың импортына тыйым салған.

Эрулан Кокулов, автокөлік интернет-сайтының редакторы:

- Кедендік одаққа дейін адамдардың оң жақ рөлі бар жапондық, еуропалық немесе Американың көлігіне тапсырыс беруге мүмкіндігі болатын. Енді ол жоқ. Алғысы келсе, бұрын қолданыста болған ішкі нарықтағы жапон не еуропалық көлікті сатып алады. Негізінен адамдар өздері әбден қолданып болған тұлпарларын сатылымға шығарады.

Ал қарапайым халықтың су жаңа көлікті сатып алуға қалтасы көтермейді. Ескісін алуға тағы да ақшасын қимайды. Бұл ретте Қырғызстан үкіметінің биыл жазда қабылдаған шешімі жағдайды біршама жақсартқан сыңайлы. Бұйрыққа сәйкес, шетелдік көліктерге салынатын кедендік салық 2014 жылдың деңгейіне дейін азайтылды. Осылайша тұтынушылар кейінгі жылдары шығарылған шетелдік көліктерге қол жеткізе бастады. Айта кетерлігі, қазақстандық жүргізушілер де қырғыз көлігінің бағасына қызыға бастады.    

Сергей Пономарёв, ҚР нарықтар қауымдастығының президенті:

- Сайттардан қарауға болады. Сатушымен хабарласып, көлікке жеңілдік және оның бағасы жайлы сұрастыруға болады. Одан кейін Қырғызстанға жол шығынын есептеп, ары қарай көлікті өз көзімен көруге мүмкіндік бар. Егер көңіліңізге ұнап жатса, сол жерде көлікті сатып ала аласыз.

Айта кетерлігі, көлікті қазақстандық азамат сатып алғанымен, оның құжат бойынша иесі қырғыз азаматы болып қала бермек. Себебі, қырғызстандық тіркеу нөмірі сақталады. Тек көлікті жүргізу, сату не сыйлауға рұқсат ететін сенімхат беріледі. Ал онан құтылғысы келген қырғыз азаматтары бұл шарттарға келісе кетеді. Дегенмен қазір қырғызстандық көліктерге сұраныс төмендеген. Оған қазақстандықтардың қағаз-құжат мәселесімен бас қатырғысы келмейтіні себеп.  

Авторы: Бакыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы