384.05 434.70 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қытайда жастардың даму бағдарламасы жүзеге асып жатыр

  • 767
  • UPD: 14:24, 19.10.2018

Қазақстанда келер жыл «Жастар жылы» деп жарияланғаны белгілі. Бұл еліміздің ертеңі, бүгінгі жас буынға деген үлкен сенімді білдіреді. Ал іргедегі көршіміз Қытай 2016 жылы он жылдыққа арнаған жастарды дамыту бағдарламасын қабылдаған.

Қазір оны кешенді түрде жүзеге асырып келеді. Бейжің болашақта инновациялық және жоғары технологиялық өнеркәсіп саласындағы білікті мамандар үшін миллиондаған жұмыс орынын ашпақшы. Ал Қытайдың жаңа экономикалық даму жолын құрудағы негізгі бағыты жоғары технологиялық өндіріс.

Бүгінде қытай жастарының арасында жұмысқа тұру үшін бәсеке жоғары. Жыл сайын ЖОО шамамен 6 миллион 200 мың студент тәмәмдайды. Оның әрбір үшіншісі жұмыс таба алмай, қиналады екен. Оған себеп университет бітіргендер саны зауыттар мен кәсіпорындарға қажетті мамандардан бірнеше есе артық.

Сондықтан Қытай Үкіметі жастарға арналған кешенді бағдарлама қабылдады. Ол үшін ауылды жерлерде әкімшілік жұмыс орындарын ашып, жақсы айлық және әлеуметтік сақтандырумен қамту көзделген. Бұдан бөлек, мұғалімдердің мәртебесін көтеру, білікті педагоктарды қолдау саясаты тағы бар.

Жанар Тоқтарбай, Бейжің тілдер университетінің докторанты: 

- Былтырдан бастап Қытайда жиырмадан астам қала және екінші дәрежелі Нанькин, Ухань, Сиань сияқты қалаларда білікті мұғалімдерге таласу саясаты басталды. Олар осы жас мұғалімдерге барлық жағдайды жасайды. Ең бірінші тегін пәтер.

Жанар Тоқтарбай биыл Жолдауда айтылған педагог мәртебесін анықтау туралы тапсырманы есітіп қуанғанын айтады. Оның сөзінше қазір Қытайда да осы бағытта кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, Бейжің бес негізгі стратегиялық бағытқа басымдық береді. Ол - ақпараттық технология, жоғарғы технологиялық құрал-жабдық өндірісі, биотехнология, жаңартылған энергетика және цифрлы инновация.

Чжун Жунлин, қытай студенті: 

- Қазір жастар болашақта сұраныс болатын, заманына сай мамандықты таңдауы керек деп ойлаймын. Мысалы, еліміз жаңа технология, станок-роботтар, биомедицина сияқты салаларға үлкен мән беріп жатыр. Осыны ескеріп мамандық таңдауда қателеспеген жөн. 

Сонымен қатар Қытай үкіметі жағдайы жоқ, тұрмысы нашар отбасыдан шыққан жастарды және кемтар жандарды қолдауға арналған бағдарлама қабылдаған. Жалпы 2025 жылға қарай жастар саясаты жөніндегі кешенді жоспарын жан-жақты жетілдіруді көздеп отыр. Көршіміз бүгінгі буынның саяси-идеологиялық сауатын арттырып, қытай халқының арманы болған ұлт жаңғыруын жүзеге асыруға әлдеқашан кірісіп кеткен.

Авторлары: Нұрбек Бекен, Жаң Сүй

Хабар 24 телеарнасы