384,59 430.70 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Украинада көгілдір отынның бағасы қымбаттайды

  • 499
  • UPD: 11:01, 22.10.2018

Бірінші қарашадан бастап Украина билігі тұрмыста тұтынатын газ бағасын бірден 23,5 пайызға дейін арттырады.

Бұл туралы үкіметтің шұғыл отырысы барысында премьер-министр Владимир Гройсман мәлім етті. «Газ бағасын 60 пайызға дейін өсіру –халықаралық қаржы қорының талабы» деп ақталады атқамінерлер.

Бухгалтер Светлана МКРТ ЧЯН тұрмыста тұтынатын газ бағасының кезекті өсіміне алаңдап отыр. Киев қаласының есепке жүйрік тұрғыны, келесі айдан бастап бірден 23,5 пайызға өсетін газ тарифі қалтаны қағатын айтып уайымдайды.

Светлана Мкртчян, Киев қаласының тұрғыны:

- Үш бөлмелі пәтердің коммуналдық төлемі енді 4 және 4,5 мың гривенге дейін жетуі мүмкін. 7 мың гривень айлығымыздың жартысынан көбісі тарифті төлеумен кететін болды. Бұл әрине біз үшін қиын жағдай. 

Алайда Украина үкіметінің мұндай шешімін дұрыс деп бағалайды газ саласының сарапшылары. Өйткені халықаралық қаржы қорының қатаң талабы осы. Мемлекет тұрмыста тұтынатын газ бен кәсіпорын үшін сатылатын көгілдір отынның бағасын теңестіру қажет. Айталық бүгінде өндіріс орындарына Украина үкіметі 1000 текше метр газды 12 мың 500 гривнаға, шамамен 450 долларға саудалайды, ал тұрмыста тұтынатын тура осы газдың құны 7 мың гривень, яғни екі есеге дейін арзан. Мұндай айырмашылық газ нарығындағы былық пен жемқорлыққа жол беріп келеді, - дейді Украина газ нарығының мамандары.

Дмитрий Сидоров, Украина бензин және газ нарығы саласының сарапшы маманы:

- Талай жылдан бері Украинаның газ нарығында жемқорлық мәселесі қатты ушығып тұр. Сондықтан тұрмыстағы газ бен кәсіпорын үшін сатылатын отын бағаларының үлкен айырмашылығы болмауы тиіс. Сондықтан МВФ - Украина үкіметінен қолдан жасалған жемқорлықпен осы тарифті теңестіру арқылы күресуге шақырады. 

Тұрмыста тұтынатын газ тарифінің өсімінен қазынаға жыл сайын қосымша 500 млн доллар қаражат түседі деп пайымдайды сарапшылар. Мұндай инвестиция Украинаның газ өндіру ісіне жұмсалмақ. Жалпы халықаралық қаржы қоры Украина үкіметіне тұрмыста тұтынатын газ тарифін 23 емес бірден алпыс пайызға дейін арттыруды талап етеді. Демек, газ тарифін мемлекет алдағы уақытта кезең-кезеңмен көтеруге мәжбүр. Халықаралық қаржы қорының айтқаны болмаса, биыл Украина экономикаға аса қажет кредит ақшадан қағылады.

Авторы: Аида Қыдырбай

Хабар 24 телеарнасы