385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қырғызстанда көліктердің қысқы дөңгелексіз жүруіне тыйым салатын заң қабылданбақ

  • 369
  • UPD: 23:45, 29.10.2018

Қырғызстан билігі қауіпті таулы аймақтарға көліктердің қысқы дөңгелексіз қатынауына тыйым салу туралы заң қабылдамақ.

Бүгінде құтқарушылар жүргізушілерге жаздық шинаны қыс мезгілінде ғана ауыстыруды ұсынып отыр. Дегенмен, көлік иелерінің барлығы дерлік бұл үдерісті уақытында орындамайды. Салдарынан таулы өңірлерде жол-көлік апаттары жиі болады екен.  

Жазғы дөңгелекпен қыста таулы аймақта қатынауға тыйым салу туралы бастаманы елдің вице-премьер министрі Кубатбек Боронов ұсынып отыр. Себебі бұрын елдің Төтенше жағдайлар министрлігін басқарғаны бар, апаттың себеп-салдарын жақсы біледі. Сөзіне сенсек, жүргізушілер қауіпсіздікке келгенде көп сақтана бермейді. Тұлпарын тайғақ жолға дайындамай, өмірін қауіпке тігетіндер баршылық.

Эламан Бараев, ҚР ТЖМ ауысым командирі:

- Қыс мезгілінде апаттың саны екі есе өседі. Тіпті бір күнде бірнеше оқиға тркеліп жатады. Жүргізушілер жолда ұйықтап кетеді. Кейде көлік тізгінге келмей қалады. Дегенмен, жол көлік оқиғаларының басым бөлігі жазғы дөңгелекті ауыстырмағандықтан болып жатады.

Әңгіме Тоо-Ашуу мен Ала-бель аталатын таулы асулар жайында болып отыр. Бұл екі аймақ та Бішкек-Ош стратегиялық автожолында орналасқан. Әсіресе Тоо-Ашуу - елдегі ең биік үңгіртаулы асу. Статистика бойынша дәл осы жерде жол оқиғалары өте жиі болып тұрады.

Алмазбек Маматкулов, құтқарушы:

- Егер үңгіртауда жеңіл көлік қалып қойса, өзіміз шығарып алуға тырысамыз. Ал жүк көлігіне ұқсас машиналар болса, алдымен адамдарды қауіпсіз жерге көшіріп, тоннельде газдың толып қалмауын қадағалаймыз.

Алдыңғы жылдары егер таулы асуларда қар күтілсе тұрғындардың барлығына ақпарат жіберілетін болған. Одан бөлек Төтенше жағдайлар министрлігі жүргізушілерге қысқы дөңгелекпен жүруді ұсынатын еді. Бірақ, тәжірибе көрсеткендей, көлік иелері бұл ескертуге де құлақ аспай, дөңгелекті уақытында ауыстырмайды. Сол үшін жаңа заңның күшімен қырғыз билігі жүргізушілерді қыс дөңгелектерін дер кезінде ауыстыруға міндеттемек. 

Авторы: Бакыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы