386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Грузия валютасы құнсызданып барады

  • 584
  • UPD: 15:01, 31.10.2018

Грузия ақшасы құнсызданып барады. Ұлттық валюта ларидің долларға шаққандағы бағамы биылғы жылдағы ең төмен көрсеткішке жеткен.

Осының салдарынан жанармай, нан, дәрі-дәрмек пен өзге де тауарлардың бағасы шарықтап кетті.

Бүгінде мұндағы базарларда дорбаларын толтырған тұтынушыны кездестіру қиын. Қымбатшылық салдарынан халық қаражатын үнемдеуге мәжбүр.

Иамзе Сичинава, Тбилиси тұрғыны:

- Ларидің құнсыздануына байланысты саудагерлер де бағаны көтеруге мәжбүр. Олардың да отбасылары бар, көбісі пәтер жалдап тұрады, несиелерін төлейді. Сол себептен пайда табудан гөрі, шығынға батып жүр. 

Азық-түлік өнімдерінің көбісі шетелден әкелінеді. Долларға сатып алынатындықтан, лари бағамы түссе, ішкі нарықтағы бағалар да өсіп кетеді.

Радим Махаров, саудагер:

- Бағалар 30 пайызға қымбаттаған, сондықтан тұтынушылар саны да азайды. Бірнеше сағатта тек бір-екі адам кіреді. Бұрын қызанақтарды бірнеше келілеп алса, енді түйірлеп алып жүр. Сата алмаған тауарымыз қоймаларымызда шіріп жатыр.

Ларидің құнсыздану үрдісі биыл тамыз айында басталған еді. Сол кезде грузия валютасының бағасы 8 пайызға түскен. Дегенмен Ұлттық банк төрағасы уайымдауға себеп жоқ дейді. 

Коба Гвенетадзе, Грузия Ұлттық банк президенті:

- Грузияда инфляция онша жоғары емес. Бүгінгі күні ол жсопарланған деңгейден төмен. Соңғы мәліметтеріміз бойынша, инфляция деңгейі 2,7 пайыз боп тұр. Грузияда валюта бағамы құбылмалы, сол себептен қысқа мерзімде ауытқу болып тұрады. Бағамның түсуіне немесе өсуіне не себеп болғанын анықтау мүмкін емес.

Алайда Грузия тұрғындары  күнін әрең көріп жүр. Азық-түлік пен жанармай бағасы өссе де жалақы бұрынғы қалпында. Сарапшылардың да болжамы көңіл көншітпейді. Айтуынша, ларидің құнсыздануы жыл соңына дейін жалғаспақ.

 Авторлары: Татия Джанибегашвили, Шалва Сурамелашвили

Хабар 24 телеарнасы