376,51 420,09 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


АҚШ Иран мұнайына тыйым салды, шектеуге не себеп?

  • 1476
  • UPD: 21:51, 05.11.2018

АҚШ-тың екі қайтара енгізген санкциясынан соң Ирандағы финдік компаниялар кете бастады.

Бүгін Дональд Трамп ресми түрде Иранға қатысты санкцияның екінші кезеңін іске қосты. Бұл тыйым тек Иранға емес, бұл елден мұнай алатын барлық серіктестеріне де қатысты. Сондықтан шетелдік компаниялар алды Иранмен арадағы байланысын үзуге көшкен.

Финляндия сыртқы істер министрінің ақпары бойынша Иранда барлығы 70 финдік компания болған. Қазір оның тек 20 шақтысы ғана қалған.

Бұл шектеудің жаңа толқыны Иранның энергетика саласына, мұнай серіктестеріне, Иранның Орталық Банкпен жасалатын транзакциясына және елдің кеме жасау өнеркәсібіне қатысты. Осылайша, АҚШ тарапы энергетикалық санкция арқылы Иранның мұнайдан келетін табысын 0-ге дейін төмендетпек. Бұл шешім Ақ үй басшысының Иран атомы мәселесін тұрақтандыру бойынша ортақ келісімнен шығуы себепті туындады. Трамптың пікірінше, Иран терроризмді қолдайды. Тіпті келісім жасалғанмен, ядролық сынақты да доғармай отыр. 

Дональд Трамп, АҚШ Президенті:

– Бұл жолғы Иранға салынатын санкциялар бұрынғыдан да қатаңырақ. Осыдан кейін Иранның жағдайы қалай болатыны көреміз. Бір ғана айтарым, Иранның ұстанымы дұрыс емес. Мен билік басына келгенімде, Иран Орталық Азияны жаулап алатындай болған еді. Енді оған мұршасы келмес.

АҚШ пен Иран арасындағы қарым-қатынас біз ес білгелі ушығып тұр. Тарихқа үңілсек, 1979 жылдың 4 қарашасында қаруланған ирандықтар елдегі АҚШ елшілігін басып алып, 52 америкалық азаматты тұтқынға алады. Олар 444 күн бойы кепілде болды. Себебі Вашингтон ирандық шах Мохаммед Ресу Пахлевиді Тегеранға беруден бас тартады. Содан бері екі ел арасында ешқандай дипломатиялық қарым-қатынас орнамаған. Керісінше Иранға түрлі деңгейдегі санкциялар салынды. Сол себепті Иранның да бұл санкцияларға еті үйренген.

Аятолла Али Хаменей, Иранның жоғары көшбасшысы:

– Америкалық санкциялардың мақсаты бір. Ол Иран экономикасын әлсірету. Ал біз керісінше жеке мемлекет ретінде дамып жатырмыз. Америка мен Иран арасындағы бұл қақтығыс 40 жылдан бері жалғасып келеді. Біздің жауымыз әскери, экономикалық тіпті БАҚ құралдарының көмегімен де түрлі шабуыл жасады. Олар бүкіл әлемді өздері билеп төстегісі келеді. Бірақ ол мақсаттарына біз тұрғанда, жете алмайды.

Ал Иран халқы жоғарыда айтып кеткен Ислам революциясының 39-жылдығын тойлап жатыр. Көшеге шыққан мыңдаған тұрғын АҚШ пен Израильдің туын өртеп, Дональд Трамптың фотосуреттерін таптады. Жұртшылық «АҚШ құрысын» деген жазулар көтеріп шыққан. 

Бұл арада санкцияның салдары Иран экономикасымен қатар мұнай бағасына әсер етіп жатыр. Brent маркалы мұнайдың құны 0,26% құлдырады. Қазіргі құны – барреліне 72,64 доллар. Ал WTI атты Техаста өндірілетін мұнай бағасы – барреліне 63,69 доллар. Бұл өткен аптамен салыстырғанда, 3,64 долларға арзан. Елден шетелдік компаниялар кетіп жатыр. Бірақ бұған қарамастан, Қытай Иранды қолдап отыр. Себебі аспан асты елі де АҚШ пен сауда соғысынан айтарлықтай шығын көрді.

Хуа Чуньин, ҚХР СІМ:

– Иран тарапы Ядролық келісімнің барлық талаптарын орындап отыр. Оны халықаралық ұйымдар 12 рет растаған да болатын. Қытай тарапы Иранның талпынысын жоғары бағалайды. Және келісімді сақтап қалу үшін қолдан келгенін жасайды.

Қытай және халықаралық ұйымдар біржақты санкциямен күресудің жолын іздестіріп жатыр. Ал Израиль тарапы АҚШ-ты толығымен қолдап, тіпті Дональд Трампқа алғыс айтты. Иранда өткен шеруде тұрғындардың Израиль туын өртеуі бекер емес екен.

Биньямин Нетаньяху, Израиль Премьер-министрі:

– Мен көп жылдан бері бұл санкцияны қайта жаңғыртуға шақырып келдім. Себебі Иранның террористік режимі жаһанға қатер төндіреді. Санкцияның алғашқы кезеңінен-ақ, риал құлдырап, Иран экономикасы айтарлықтай шығынға батты. Нәтиже көзге көрініп тұр. Президент Трампқа осындай тарихи қадамы үшін алғыс айтқым келеді. Санкияның салдары енді басталмақ.

Сарапшылардың айтуынша, осылайша әлемнің саяси көзқарасы екіге жарылды. Бірі АҚШ-ты жақтайды, бірі даттайды. Айтпақшы, серіктес елдердің өтінуімен АҚШ 8 елге Иран мұнайын әзірге ала тұруға жеңілдік жасады. Олар 180 күнге дейін осы жеңілдікті қолдана алады. Содан соң Иран мұнайын алған әрбір елге санкцияның бір ұшы тиіп отырады.

Тізімдегі сегіз елдің аты әлі толығымен жарияланбады. Дегенмен, онда Еуроодақ елдері жоқ екенін Майк Пампео мәлімдеген болатын. Сондай-ақ егер Еуроодақ есеп айырысудың өзге жолын тауып, Ираннан мұнай алатын болса, АҚШ-тың жауабы қатаң болады деген мәлімдемелер де жасалды.

Хабар 24 телеарнасы