383,43 430.12 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Берлин қабырғасының құлағанына 29 жыл толды

  • 552
  • UPD: 23:40, 10.11.2018

Осыдан тура 29 жыл бұрын неміс халқын екіге бөліп тұрған Берлин қабырғасы құлатылды. Германия астанасында осы айтулы күнге орай сол қабырғаның орнына тұрғызылған музейде түрлі көрмелер ұйымдастырылады.

Бұл күнді Берлин тұрғындары биыл қалай қарсы алады?

Берлиннің бір кездері екіге бөлінгенін тек қабырғаның мына қалдықтарына қарап білуге болады. Немістер оны бұзбай, керісінше заманауи өнер галереясын тұрғызыпты. Әлемнің түкпір-түкпірінен елге ағылатын туристер міндетті түрде осы жерге келеді. 

Натали, турист:

- Қабырғаның бұл бөлігі бүгінгі айтулы күннің символына айналды. Меніңше, қабырғаның бөлшектері тарихи естелік ретінде сақталуы тиіс. Өз басым Берлинге қабырғаны құлатқаннан кейін келгенмін. Қазір оны осы күйінде тамашалау адамды керемет әсерге бөлейді екен.

Маттиас, Берлин тұрғыны:

- Мен бұл қабырғаны Берлиннің тек батысы жағынан көргенім әлі есімде. Ол кезде қабырға мүлдем басқаша көрінетін. Алдымен бірінші қабырға, одан кейін ұзыннан ұзын тартылған тікенек сым, танкке қарсы тосқауыл құрылғылар мен үнемі күзетілетін екінші қабырға. Біз қабырғаның құлаған күнін еркіндік күні деп санаймыз. 

Биіктігі төрт метрге жететін қосарланған бекіністің жалпы ұзындығы 155 шақырым. Бұл қабырға 30 жыл бойы неміс халқын екіге бөліп тұрды. Туған-туыс пен замандас-достар бір қалада тұрғанмен, екі түрлі мемлекетте өмір сүрді. Кейбіреулер бұған шыдамай, арғы бетке өтуге тырысты. Осы 30 жылдың ішінде Германияның шығыс бөлігінен батысқа қарай 100 мың адам өтпек болған. Кей деректер бойынша олардың жүзден астамы шекарада қаза тауыпты.

Александра Хильдебрандт, «Берлин қабырғасының құлауы» музейінің директоры:

- Мына бір шағын көліктің бензобагі адам сыятындай етіп өзгертілген. Осылайша, бұл көлік 8 адамды қабырғадан ары өткізген. Алайда тоғызыншы әрекетінде ұсталып қалады. Мына бір әуе шарының себетіне 2 отбасы, төрт бала мен төрт ересек адам сыйып кететін. Бұған сену қиын, әрине. Бірақ осы бір шармен олар Батыс Германияға өткен. Егер қолға түссе, балаларды жетімдер үйіне жіберіп, ата-анасын түрмеге қамаушы еді.

Бұл күн Германияда демалыс саналмайды. Алайда немістер үшін маңызға ие. Өйткені дәл осы күні Батыс және Шығыс Германиядағы неміс халқы ұзақ жылдардан қайта қауышты. 

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Хабар 24 телеарнасы