384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ЕО-ға мүше елдердің басшылары Brexit туралы келісімді мақұлдады

  • 454
  • UPD: 20:28, 25.11.2018

Еуроодаққа мүше 27 елдің басшылары Ұлыбританияның одақтан шығуы туралы келісімді мақұлдады.

Бұл туралы саммит аяқталған соң Еуропалық Кеңестің басшысы Дональд Туск мәлімдеді. Енді құжат Еуропарламент пен Британия парлментінің қарауына жіберіледі. Толығырақ халықаралық шолушымыз баяндап берсін.

Тараптар бұл шешімді бір сағат ішінде қабылдаған. Отырыс басталмай жатып Еуроодақ елдерінің басшылары саммит осындай нәтижемен аяқталатынын айтқан болатын. Олардың пікірінше, бұлай болмасқа амал да, жол да жоқ. Енді құжатты ресми түрде Еуропарламент пен Британия парламенті мақұлдауы керек. 

Антонио Таяни, Еуропарламент Президенті:

- Еуропарламент бұл келісімді қолдайды. Бұл құжат Лондон үшін де, Брюссель үшін тиімді. Келісім екі жаққа да қолайлы.  

Келісімнен бөлек Брексит туралы құжатқа Еуроодақ пен Біріккен Корольдіктің келешектегі қарым-қатынасы жазылған саяси декларация енгізілді. Еуропалық Одақтың Brexit бойынша басты келіссөз жүргізушісі Мишель Барнье бұрын жариялағандай, қос тарап ресми Лондон одақтан шыққаннан кейін осы мәселеге қайта оралады. Яғни 2019 жылдың 30-ыншы наурызынан кейін тараптар арасындағы қатынас туралы келіссөздер жүргізіле бастайды. 

Даля Грибаускайте, Литва Президенті:

- Одаққа мүше елдер бұл келісімді мақұлдағанымен, Брексит процесі аяқталды деу әлі ерте.

Марк Рютте, Нидерланд Президенті:

- Ұлыбританияның одақтан шыққаны өкінішті, бірақ тараптар ымыраға келді деп ойлаймын. 

Дегенмен, келіссөздер кезінде Солтүстік Ирландия, Ирландия және Гибралтарға қатысты түйткілдердің түйіні тарқатылған жоқ. Тараптар бұл мәселелерді 2020 жылдың ортасына дейін қарастыратын болып шешті. Айта кетейік, Біріккен Корольдік өтпелі кезеңнің соңына дейін Еуроодақ қазынасына жыл сайын 13 миллиард еуро төлеп отыруы тиіс.

Авторлары: Табиғат Нұрболат, Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов

Хабар 24 телеарнасы