389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қытайда «сенім жүйесіне» енбеген адамдарға теміржол билеті сатылмайды

  • 703
  • UPD: 14:42, 27.11.2018

Қытай елі «әлеуметтік сенім жүйесін» белсенді түрде жүзеге асырып жатыр. Яғни цифрлы технология арқылы әр адамның жеке рейтингі түзіледі. Соның негізінде түрлі жеңілдік беріледі немесе айыппұл салынады. «Әлеуметтік сенім кредиті» жүйесін 2020 жылы енгізуі мүмкін. Әзірге тәжірибе жүзінде бірнеше қалада сынақтан өткізілуде.

Нұрбек Бекен, Twitter @NurBekenov:

- Қытай 2014-2020 жылдарға арналған «Әлеуметтік сенім жүйесі» бағдарламасын біраз қалада тәжірибеден өткізіп жатыр. Ауқымды мәліметтерді сараптайтын жүйе BigData - адамның не сатып алатынын, айыппұлын, кімге лайк басқанын тіпті жүріп-тұрғаны жөніндегі ақпаратты жинайды. Осылайша жұртты бес топқа бөледі.

Рейтингі жоғары топтағылар жұмысқа тез тұрады. Оларға проценті төмен несие де бұйырады. Мемлекеттік мекемелер жылы қабылдайды. Ал ең төменгі топтағыларды ешкім жұмысқа алмайды, жеңілдетілген несие де жоқ. «Әлеуметтік сенім жүйесіндегі» сенім жоқтарға поезд бен ұшақтың билеті де сатылмайды. Биыл алғашқы жартыжылдықта 4,25 млн.адам поездбен жүре алмады. Ол аздай 11 млн қытайлықтың рейтингісі төмен болып ұшаққа кіргізілмеген».

Хао Икай, Бейжің тұрғыны:

- Меніңше, «сенім жүйесі» кейбір өмірлік ұстанымы нашар, тәртібі төмен адамдар үшін дұрыс саясат деп ойлаймын. Қоғамдық орындарда өзін дұрыс ұстай алмайтындарға билеттің сатылмауы оларды тәрбиЕлеудің тиімді тәсілі сияқты. 

Цинхуа университетінің профессоры У Жи бұл жүйе қылмыстың азайуына септігін тигізетініне сенімді. Тұрғындардың келеңсіз әрекеттері тек жазамен шектелмей, оның «сенімділік тариxына», рейтингіне әсер етсе, заң бұзуы да төмендейді, дейді. Осылайша азаматтар үшін заң талаптарын құрметтеу қалыпты құбылысқа айналады.

У Жи, Цинхуа университеті электронды инженерия кафедрасының профессоры:

- Сенім- қоғам дамуын алға сүйрейтін аса маңызды процестердің бірі. Соңғы жылдары Қытай банктерінде  шағын несие беру қызметі қарқынды дамып келеді. Бұл қызметті көрсету үшін ұзақ уақыт құжат рәсімдеп, немесе кепілге мүлік талап етпей, оның  сенімділік көрсеткіші арқылы несие рәсімдеуге болады. Ал бұл көрсеткіш мемлекеттің әзірлеген «сенімділік жүйесі» негізінде жүзеге асады.

Нұрбек Бекен, Twitter @NurBekenov:

- Әлеуметтік сенім жүйесі» Қытайдың 30 қаласында жұмыс істеп тұр. Соның ішінде үздігі Жунчэн қаласы. Алдымен әрадамға 1000 бал беріледі. Ары қарай бәрі өзіңізге байланысты. Күнделікті іс-әрекетіңіз туралы ақпарат мемлекеттік мекемелерден, құқық қорғау, сот органдарынан түсіп отырады. 

Мәселен, Жунчэндегі орталық 142 мекемеден түскен ақпаратты 160 параметрге бөліп саралайды екен. BigData технологиясы мол мәліметті сараптап, рейтингті өсіреді, немесе түсіреді.

Бянь Юнзу, Қытай халық университеті экономика факультетінің зерттеушісі: 

- Әрине адамдар арасында сенім болмаса, қоғамның алға жылжуы да бәсеңдейді. Тіпті бүгінгі ақпараттық заманда сенім қоғам үшін ауадай қажет. Қазіргі интернет дамыған заманда біздің әрбір іс әрекетіміз, зат сатып алу, xабар алмасу сияқты мәліметтерді, күнделікті ізімізді қалдырып отырамыз. Осы ақпарат біздің сенімділік деңгейіміздің қайнар көзі болмақ. Осындай мүмкіндікті пайдалана отырып сенімділік жүйесін қалыптастыру өте маңызды.

2016 жылы Аlibaba және Tencent компаниялары тұтынушылар туралы ақпараттар жинап, саралайтын бағдарламаны іске қосты. Тұрғындар оларға қажетті мәліметтерді өз еріктерімен берген. «Әлеуметтік сенім жүйесін» 2020 жылдан бастап, бүкіл ел бойынша енгізу жоспарланған.

Авторлары: Нұрбек Бекен, Жаң Сүй

Хабар 24 телеарнасы