384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Киевтегі ұлтаралық фестивальда қазақша әннен шашу шашылды

  • 591
  • UPD: 15:32, 30.11.2018

Өсербайқызы Инеш – Украинаның еңбек сіңірген артисі әрі мәдениет және өнер Ұлттық Университетінің доценті. Репертуарында қазақтың әндері көп, «Атамекен» әнін әсіресе әкесі сүйіп тыңдаған екен.

Киевте ұйымдастырылған Ұлттар мәдениеті фестивалінде Инеш кезекті рет қазақтың осы әнін нақышына келтіріп әдемі орындап берді, оюмен көмкерілген ұлттық киім мен халқымыздың дәстүрін дәріптейтін бейнебаян қойылымның сәнін арттыра түсті.

Инеш Қыдырова, Украинаның еңбек сіңірген артисі, Этникалық өнер қайраткерлері қауымдастығының президенті:

- Роза Рымбаеваның репертуарындағы «Атамекен» әнін ерекше тебіреніп, орындап шықтым. Залда отырған Украинадағы қазақ диаспорасының өкілдері менімен қосылып шырқады. Әрине мұндай қолдау маған қанат бітірді.

Украина Ұлттық опера сахнасында қазақ әнімен қатар, өзге ұлт өкілдерінің өнері паш етілді. Неміс пен өзбек диаспорасының дарынды өкілдері биге орын берсе, Әзірбайжан мен грузин халқының өнерпаздары әннен шашу шашты.

Андрей Юраш, Украина мәдениет министрлігінің департамент директоры:

- Украинаның әр өңірінен келген түрлі ұлт өкілдерінің ең үздік өнер ұжымы, ең үздік ән орындаушылар, түрлі этникалық топтың ең үздік қойылымын тамашаладық. Осындай өнер арқылы әр түрлі халықтың тілі мен дәстүрін таныдық. Қазақтың талантты қызы – Инеш Қыдырова – Украинаның мақтанышы десем артық айтпаймын, оның таланты мен әні арқылы біз бүгін Қазақстанның мәдениетімен жақыннан таныстық.

Киевте жыл сайын ұйымдастырылатын Ұлттар мәдениетінің фестивалі де осындай ұлы мақсатты көздейді: мәдениет пен өнер, ән мен жыр, ұлттық салт пен дәстүр арқылы халықтар достығын арттыру. Өйткені өзара сыйластық бар жерде ғана, ұлттар арасындағы алауыздықтың ауылы алыстамақ,- дейді ұйымдастырушылар.

Аида Қыдырбай, Михаил Мищенко

Хабар 24 телеарнасы