384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сарапшылар АҚШ-Қытай арасындағы «сауда соғысының» аяқталғанына сенбейді

  • 785
  • UPD: 21:17, 04.12.2018

АҚШ пен Қытай арасындағы текетірес саябырсыды. Былайша айтқанда сауда соғысы үш айға тоқтатылды. Тараптар бұл екі жақққа да пайда әкелмейтінін ақылға салып, ойланып алуға келісті. Аргентинадағы кездесудің қорытындысы осындай. Дональд Трамп пен Си Цзиньпиннің жүздесуі тарихи оқиға болмаса да, мәселені шешуге оң ықпалын тигізді.

Дональд Трамп, АҚШ Президенті:

- Біз Қытайға да АҚШ қа да тиімді болатын келісім жайлы сөз қозғамақпыз. Кездесулерден соң ортақ шешімге келетінімізге сенімдімін. Президент Си Цзинпиньмен  қарым-қатынасымыз, сыйластығымыз қалыпты. Бұл екі тараптың да көңілінен шығар келісім жасалуына ықпалын тигізері сөзсіз.

Аргентинада өткен екі сағаттық кездесуден соң Вашингтон бірінші қаңтардан бастап, қытай тауарларына жоспарланған 25 пайыздық санкция енгізбейтініне уәде етті. Бейжің өз кезегінде АҚШ-тан үлкен сомаға ауылшаруашылық және өндірістік тауарлар сатып алатын болды. Бұл жаңалыққа америкалық шаруалар бірінші болып қуанды. Себебі Трамп бастаған сауда соғысынан соң Қытай АҚШ-тан әкелінетін соя бұршағына 25 пайыздық баж салығын салған еді. Салдарынан экпорт 98 пайызға төмендеді. Аргентиналық келісімнің арқасында салы суға кеткен шаруалардың айы оңынан туды десек те болады. 

Петер Диксон, Халықаралық қаржы сарапшысы:

- Басында АҚШ қандай да бір жеңілдікке барғысы келмегендей көрінген еді. Дегенмен, ортақ келісімге келген соң нарықта өсім пайда болды. Екі тарапқа да жақсы әсер етіп жатыр. Барлық мәселе түбегейлі шешімін тапты деу ерте. Дегенмен, америкалық шаруалар үшін жағымды жаңалық болғаны сөзсіз. 

Ақ үй Трамптың аргентиналық келіссөзін «өте жемісті» деп бағалады. Дегенмен, сарапшылар мен БАҚ өкілдері сауда соғысы аяқталды дегенге сенбейді. The New York Times баспасы «бұл келісім-екі ел арасындағы мәселені шешпейді» деген мақала жариялады. Онда тараптар келісімді өз жеңістері ретінде қабылдағаны айтылған. Шынында, Ақ үй бұл келісім уақытылы екенін, 90 күнде Бейжің келісімге келмесе, санкция жыры қайта басталатынын алға тартады. Ал Қытай Сыртқы істер министрлігі «тараптар мәселенің күрмеуін шешу үшін өз жоспарларын ұсынды» деп қысқа қайырған. Сондықтан болар, сарапшылар келісімнің жемісті боларына күмәнмен қарайды.

Чжан Цзяньпин, Аймақтық экономикалық ынтымақтастық мектебінің директоры:

- Әрине америкалық тараптың да өз қаупі бар. Себебі АҚШ-тың өз ішінде активтер бағасының көтерілуі және қарыздарға қатысты мәселелер туындауы мүмкін. Сондықтан бұл мемлекет үшін келісім жасау – уақытты созудың амалы. 

Сарапшылар осылайша бұл жаңалыққа күмәнмен қараса, АҚШ санкция салған тағы бір ел мәлімдеме жасап үлгерді. Венесуэла баж салығына қарамастан алтынымызды басқа елге саудалаймыз деп отыр. Бұл мәлімдеме Түркия Президентімен өткен кездесуде жасалды. Айта кетейік, Дональд Трамп бірінші қарашадан бастап Венесуэлланың алтын қорын бұғаттап, санкция салған еді. Ақ үйдің пайымдауынша латынамерикасынң билік өкілдері Венесуэла байлығын талан-таражға салып отыр.

Николас Мадуро, Венесуэла Президенті:

- Венесуэла мен Түркия егеменді, экономикасы ашық мемлекет. Алтын бұл мемлекеттердің бірден бір табыс көзі. Сол себепті алтынды саудалауды жалғастыра береміз. Бұл үдерісте ешкім бізге кедергі келтіре алмайды. Өз өндірген өнімін Венесуэла кез-келген елге сата алады.  

Бұл орайда Түркия Президенті Венесуэла басшысын қолдап, АҚШ-тың санкциясын сынға алды. Оның айтуынша, Трамптың бұл әрекеті әлем экономикасын тұрақсыздыққа әкеліп отыр. Сол себепті, Ердоған Венесуэлламен арадағы серіктестігін нығайта түсетіндігін жеткізді.

Хабар 24 телеарнасы