383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Brexit: Британдық кәсіпкерлер қоймаға қор жинақтап жатыр

  • 409
  • UPD: 10:51, 09.12.2018

Британдық өндірушілер Брекситке байланысты Еуроодақтан тауарларды көптеп сатып алып жатыр.

Елдегі қоймалар 100 пайызға жуық толған. Ағылшын тауар өндірушілері тығырқтан шығудың барлық жолын қарастыруда. Брекситтің жергілікті кәсіпкерлерге әсері қандай болмақ. Тілші әңгімелейді.

Ағылшын тауар өндірушілері үрей үстінде. Олар Ұлыбритания келесі жылдың наурызында Одақтан шыққан соң Брюссель бір күннің ішінде британдық тауарларға салық енгізіп, шекарада бақылау қоя ма деп алаңдайды. Салдарынан көптеген зат кеденде тұрып қалуы ықтимал.

Роберт Харди, Oakland Invicta қоймалар желісінің операциялық директоры:

- Брекситке байланысты 140 мың британдық өнеркәсіп кедендік қиындыққа тап болады. Толтыратын декаларция көбеймек. Сондықтан олар тауарларды барынша алып қалуға тырысып жатыр. 

Қазір ЕуроОдақтан тауарды тосқауылсыз алып өтуге болады. Одақтан импортталған өнім көлемінің артқаны соншалық Ұлыбританияда оларды сақтайтын қоймалар жетіспеуде. Тіпті үкімет дәрі-дәрмектің стратегиялық қорын жасау үшін жаңа қоймалар салуға кіріскен. Бірақ сарапшылар Одақтан тауарды көптеп алу мәселені шешпейді дейді. Өйткені оны сақтау мерзімі секілді жайттар бар. Бұл әсіресе азық-түлік өнімдеріне қатысты.

Джеймс Эклстоун, Grown Up Chocolate компаниясын құрушы:

- Ұлыбританияның Еуроодақтан келісімсіз шығуынан қорқамын. Біздің өндірісіміздің тоқтауына болмайды. Өйткені барлық шығын, төлемдер есептелген. Кез келген өзгеріс біз үшін қиынға соқпақ.  

Ал зерттеулерге қарағанда Брекситтен соң ағылшын тауар өндірушілерінің көбі өз кәсібін ЕуроОдақ аумағына ауыстыруы мүмкін. Бұдан ел экономикасына үлкен нұқсан келетіні айдан анық.

Дәурен Ақашұлы, Әсем Хасенқызы

Хабар 24 телеарнасы