386,91 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сарапшылар: Ұлыбританияда жақын арада елеулі өзгерістер бола қоймайды

  • 321
  • UPD: 14:45, 11.12.2018

Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй Brexit бойынша шешуші дауыс беру күнін кейінге қалдырды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бүгін Қауымдар палатасы мәміле бойынша соңғы сөзін айтуы керек болатын. Бірақ «көпшіліктің қарсы дауыс беретіндігін» сезген Мэй оның уақытын өзгертуді ұйғарды.

Тереза Мэйдің айтуынша, депутаттар мәміленің басым бөлігімен келіскен. Бірақ Солтүстік Ирландияға қатысты біраз мәселе алаңдаушылық туғызған. Премьер-министр бастаған ісін соңына дейін жеткізетіндігіне сенімді.

Тереза Мэй, Ұлыбритания премьер-министрі:

- Өткен демалыс күндері мен Еуроодақ көшбасшыларымен пікір алмастым. Еуропалық кеңес мәжілісі қарсаңында да әріптестеріммен кездесемін. Мен олармен қауымдар палатасы көтерген мәселелерді әді де талқылайтын боламын.

Дәл осы уақытта стерлинг фунты 2017 жылдың маусым айынан бергі ең төменгі көрсеткішке түсіп кетті. Сейсенбіге жоспарланған дауыс беруді Тереза Мэй кейінге қалдыруы мүмкін деген ақпарат осындай жағдайға әкеп тіреді. Сарапшылар Ұлыбритания қаржы рыногы туралы сөз қозғағанда жақын арада елеулі өзгерістер бола қоймайды деп отыр.

Сергей Гуриев, экономист:

- Біз әзірге бәтуаластық сценарийін ұстанып отырмыз. Яғни ештеңе өзгермеуі мүмкін. Бұл мәміле жасалмайды, барлық мәселелер шешіледі деген сөз емес. Наурызға дейін тараптар ортақ келісімге келмеген жағдайда өтпелі кезең ұзартылып, алдағы екі жылда жағдай өзгере қоймауы әбден мүмкін.

Ал оппозиция өкілдері «оқиғалар премьер-министрдің бақылауынан шықты», ал үкімет «аласапыран күй кешіп жатыр» дегенді айтады. Мәміле бойынша дауыс беру нақты қашан болатындығы әзірге хабарланбады.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы