378,62 431.00 6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қырғызстан Республикасы Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығын кеңінен атап өтуде

  • 1284
  • UPD: 10:51, 13.12.2018

Ел аумағында заңғар жазушының туындыларына негізделген спектакльдер, қысқаметражды фильмдер фестивалі, әдеби кештер мен салтанатты жиындар ұйымдастырылды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Шараға ел президенті де қатысты.

Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков бастаған жоғары лауазымды делегация Шыңғыс Айтматовтың мемориалды кешеніне барып, жазушының рухына тағзым етті. Ұлы тұлғаны ұлықтау шарасы Ұлттық филармонияда жалғасын тапты. Салтанатты жиынға парламент депутаттары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Сооронбай Жээнбеков, Қырғызстан Республикасының Президенті:

- «Шыңғыс» ұғымы - біз үшін қасиетті ұғым саналады. Оның ұлылығы сол - ол тұтас қырғыз халқын күллі дүниежүзіне танытты. Ол өзінің шығармаларында халықтың өмірін сипаттады. Қарапайым халықтың өмірінен сыр шерте отыра, ғаламдық мәселені көтере білді.

Адам үшін ең қиын міндет - адам болып қалу. Көрнекті жазушының бұл сөзінен-ақ оның гуманистік ұстанымын аңғаруға болады. Әр шығармасында адам болмысы мен оның жасампаз қуатын сипаттап, адамзат бойындағы ізгі қасиеттерді шебер суреттейді. Жазушының осы қағидаларын Бішкек театрларының әртістері арнайы әзірленген қойылымдарда жеткізуге тырысты. Театр сахнасы мен кино әлемі Шыңғыс Айтматов туындыларының өміршеңдігін тағы дәлелдеді.

Сұлтан Раев, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері:

- Шыңғыс Айтматов - қырғыз халқы рухының символы. Дегенмен, оның шығармашылығы тек ұлттық құндылықтарға ғана, ғаламдық құндылықтарға негізделеді. Ол - әлемдік мұраның бір бөлшегі. Жуырда біз Жапонияда болдық, кеше ғана Мәскеуден қайтық. Барлық жерде де Айтматовтың кім екенін жақсы біледі

Заңғар жазушының 90 жылдығына орай Бішкекте Шыңғыс Айтматов атындағы академия ашылмақ. Ал жазушы дүниеге келген Шекер ауылында «Шыңғыс Орда» мемориалды кешенінің құрылысы басталған. Бұдан бөлек, ел астанасындағы аудандардың біріне ұлы ойшылдың атын беру жоспарда бар.

Авторы: Бакыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы