384,59 430.70 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еуропарламент Балтық теңізімен ресейлік газ құбырының өтуіне қарсылық білдірді

  • 485
  • UPD: 22:06, 13.12.2018

Сонымен Еуропарламент Балтық теңізі арқылы тартылатын газ құбырының құрылысына қарсылығын білдірді.

Ресейдің бастамасымен қолға алынған жоба Еуропаға газды жеткізуді көздейді. Алайда Еуропарламенттің бұдан бас тартуы тегін емес. Ресей саясаткерлерінің пікірінше, бұл іске АҚШ-тың қатысы бар.

Вячеслав Володин, РФ Мемлекеттік Думасының төрағасы:

- Еуропарламент АҚШ-тың қысымымен осындай шешімге келіп отыр. Айта кетерлігі, бұған дейін Америка конгресі «Солтүстік ағыс-2» құрылысына қатысушы компанияға бірнеше рет санкция саламыз деп қоқан-лоққы көрсеткен.  Одан кейін Еуропа елдерін экономикалық тұрғыдан тиімді жобадан бас тартуға үгіттеуге көшті.

Ресей Федерациясы кеңесінің мүшесі Игорь Морозов болса,  «Еуропарламент қабылдаған қарар тек ұсыныстық сипатқа ие» дейді. Сондықтан халықаралық коммерциялық жобаға ықпалын тигізуі екіталай. 

Игорь Морозов, РФ кеңесінің мүшесі:

«Еуропарламент АҚШ-тың саяси көңіл-күйіне тәуелді органға айналған. Құрама штаттар әу бастан-ақ жоба құрылысына қарсы болған. Керісінше ресейлік құбыр арқылы газ жеткізу Еуропаның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Ал, Вашингтон саясаткерлері болса Еуропа елдеріне АҚШ-тың қымбат сұйытылған газын тықпалап әлек».

Ресейліктердің бұлай деуіне негіз жоқ емес. Қарашаның 28-і күні Ақ Үйдің баспасөз хатшысы бұл жөнінде ресми мәлімдеме жасаған болатын.

Хизер Науерт, Мемлекеттік басқарманың баспасөз хатшысы:

- «Солтүстік ағыс -2»  бірқатар ел арқылы өтетін жымысқы жол. Менің ойымша, бұл ретте Еуропа елдері бұның қажеті жайында таразыға салып, ойлануы тиіс. Шынымен де, олар Солтүстік ағыс -2 жобасын жалғастырғысы келе ме? Ресей Үкіметіне осындай қолдау көрсетуге дайын ба? Бұл жоба ең алдымен Ресейге тиімді. Міне осыны дұрыс түсінгендері жөн.

АҚШ тарапының бұлай деуі расымен Еуропа елдерін ойландырып тастады.  Ресейге қарсы санкциялар салуды ынталандырған АҚШ, әрине Еуропаның Солтүстік ағыс-2 жобасын қолдағанын қаламайды. Осы орайда, Ресей Президенті Владимир Путин Қытайдың ірі медиа компаниясының басшысымен сұхбатында өз ойын білдірді.

Владимир Путин, РФ Президенті:

- Американың саяси жетегінде кеткен кей елдер АҚШ-тың қабылдаған шешімінен өздері-ақ зардап шекті. Әрине, оларды мазақтап отырған жоқпын. Біреудің қайғысына қуанатын жайым жоқ. Дегенмен, АҚШ-тың қолданып отырған тәсілі тиімсіз екенін дәлелдеді.  Ерте ме, кеш пе, бұл барлығына кесірін тигізеді. Дей тұрғанмен, біз Батыс елдерімен қарым-қатынасымыз жақсарғанын қалаймыз. 

Сонымен дауға қалған «Солтүстік ағыс - 2» жобасы дегеніміз не?  Ол Ресейдің Ленинград облысынан Германияның Грасвайльд аймағына дейін тартылатын екі газ құбырының құрылысы. Ресейдің бастамасымен қолға алынған құрылыс Балтық теңізі арқылы жүргізілмек. Қос құбыр жылына 55 миллиард шаршы метр газ жеткізе алады. Құрылысты жүргізуге Германия, Финляндия мен Швеция рұқсатын берген. Енді Даниядан рұқсат алу ғана қалды.

Ресейлік жобаны немістер әу бастан-ақ қолдаған. Германия канцлері Ангела Меркель елдің энергетика саласындағы саясаты әртарапты екенін қадап тұрып айтқан. Бүгінде Германия газды Норвегия, Нидерланд пен Ресейден алып отыр. Болашақта газға деген сұраныс арта түспесе, кемімейді. Канцлердің бұл сөзін елдің экономика және энергетика министрі де қостайды. 

Петер Альтмайер, Германияның Экономика және энергетика министрі:

- «Солтүстік ағыс-2» жобасын іске асыру маңызды деп білеміз. Сондай-ақ Украинаның бұл ретте Германия мен Еуропа үшін маңызды транзитті ел болғанын қалаймыз.

Газ құбыры құрылысын жүргізуге қарсы елдердің бірі Украина. Керчь бұғазындағы жағдайдан кейін украиналықтар бұл жөніндегі ұстанымын өзгертпесі анық.

Хабар 24 телеарнасы