389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қытайдағы жемқорлықпен күрес: он ай ішінде 68 мың адам жауапқа тартылған

  • 1424
  • UPD: 09:30, 16.12.2018

Қытайда биыл он айдың ішінде 68 мыңнан астам адам сыбайлас жемқорлыққа қатысты ережені бұзып, жауапқа тартылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекеттік тәртіпті тексеру және қадағалау комитеті осылай деп мәлімдеді. 2012 жылдың 4 желтоқсанында Қытай Комунистік Партиясының Орталық Комитеті 8 тармақтан тұратын ереже қабылдаған болатын. Ол мемлекеттік қызметкерлерден ұқыптылықты, әдепті, немқұрайлық пен ысырапшылыққа жол бермеуді талап етеді. Былтыр қағиданы ұстанбаған 71 мың адам жазасын алды.

Нұрбек Бекен, Twitter @NurBekenov:

Сыбайлас жемқорлықпен жаппай күрес ҚХР төрағасы Си Цзиньпин билікке келгеннен кейін қарқын алды.  Осы мерзімде комунистік партияның ережені бұзған 1,5 миллион мүшесі жауапқа тартылыпты. Қадағалаушы органдар шеніне қарамастан барлық шенеунікті тексеріп үнемі есеп беріп тұрады.

Бұрын партия мүшелерінің қолы ұзын болатын. Қызметтік жағдайын асыра пайдаланып, сый-сияпат алатын. Отбасын мемлекет қаржысына қыдыртып, тегін той жасап, пара алатындар аз емес еді.

Лю Аньшэн, қоғам қайраткері (Қытайдағы ғылым мен бейбітшілікті үгіттеу халықаралық қоғамдық ұйымының директоры ):

Жемқорлық қоғам үшін үлкен проблема. Сондықтан партия онымен күресті ұдайы үдетіп келеді.Билік сыбайластыққа жол берген шортандарды ғана емес шабақтарды да шетінен ұстап жатыр. Тек солай ғана біз жақсы даму жолына түсеміз. Басқа елдерде де жемқорлық мәселесі жоқ емес. Қытай оны жоюда өзгеге үлгі көрсетеді деп ойлаймын.

Бұл үрдіс 2012 жылы басталды. Си Цзиньпин партия мүшелері мен мемлекеттік қызметшілердің абыройын көтеруді мықтап қолға алды. Оларға тәртіп нормаларын сақтау, сыпайы және жауапты болу, өз міндетін мүлтіксіз атқару сияқты талаптар қойылды. Ең бастысы Заң алдында бәрі бірдей. Партия қолы кір шендіні лауазымымен атағына қарамай жазалайды.

Нұрбек Бекен, Twitter @NurBekenov:

- Биыл қазанда Қытай мемлекеттік энергетикалық басқармасының басшысы Нур Бекри пара алды деген күдікпен қызметінен босатылды. Атышулы оқиғаның бірі – Интерпол бастығы Мэн Хунвэйдің ұсталуы еді. Қыркүйектің соңында жоғалып кеткен шенеунік ақыр соңында Қытайдан табылды. Қазір оның үстінен іс қозғалды. Ал қарапайым тұрғындар биліктің жемқорлықты жоюға деген талпынысын құптайды.

Гуо Мэнчи, Бейжің қаласының тұрғыны:

Халықтың ақшасын жеген шенеуніктер көптеп ұсталды. Бұл шара әлі де жалғасады деп ойлаймын. Осы арқылы біздің компартияға деген сеніміміз артып, халық та күшейе түседі.

Қытай шетел асып қашып жүрген парақорларды ұстау үшін басқа елдермен тығыз жұмыс істейді. 2015 жылдан бері елде «Аспан торы» деген жалпыұлттық науқан басталды. Әлемнің 120 мемлекетінен сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген 4,8 мың күдікті ұсталды. Бұған қоса Қытай қазынадан ұрланған 1,5 миллиард қаржысын қайтарып алды. Сонымен бірге үкіметтік деңгейде қашқындарды ұстауға арналған  «Түлкі аулау» деген операция да жыл сайын жүргізіледі.

Авторлары: Нұрбек Бекен, Жаң Сүй

Хабар 24 телеарнасы