445,84 487,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҰҰ-ның климат бойынша келесі ауқымды жиыны 2019 жылы Чилиде өтеді

  • 886
  • UPD: 23:13, 17.12.2018

Польшаның Катовице қаласында БҰҰ-ның климаттың өзгеруіне байланысты XXIV саммиті аяқталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда Ресей, Сауд Арабиясы және Америка Құрама Штаттары ұйымның есебін қолдамады. Жоспар бойынша келіссөзге жұма күні қол қойылуы керек еді. Дегенмен, делегаттар қорытынды келісім бойынша ортақ шешімге келе алмады. Салдарынан екі аптаға созылған пікірталастардан соң 2015 жылы қол қойылған Париж келісімін жүзеге асырудың тәртібі қабылданды.

Катовицеде қабылданған құжат Париж келісімін жүзеге асыру бойынша  «жол картасы» іспеттес. Келісімге қол қойған елдер парниктік газдарды азайту шаралары туралы есеп беріп, климаттың өзгеруімен күрес жөнінде баяндап тұруға келісті. Нәтижесінде алдағы жүзжылдықта Жер шарының орташа температурасын 2 градус Цельсиден асырмау көзделіп отыр. Бүгінде бұл көрсеткіш 1 градустан асып барады.

Михал Куртыка, конференция төрағасы:

Бір залда 200 мемлекеттің өкілдері отырғанда ортақ келісімге келу өте қиын. Бұл орайда кез келген қадам үлкен жетістікке тең болып есептеледі. Ал Париж келісімін жүзеге асырудың тәртібін қабылдау арқылы алға үлкен қадам жасадық.

БҰҰ-ның бұл конференциясы Катовице қаласында өтуі бекер емес. Себебі бұл шаһар - Польшаның көмір өндіретін орталығы саналады. Саммит басталмас бұрын да Польшаның Энергия министрі 2040 жылға дейін көмір энергияның басты көзі болып қала береді деп мәлімдеді. Ал оны қолданған сайын ауаға бөлінетін зиянды қалдықтар деңгейі артуда. Саммит осы мәселенің күрмеуін шешуді басты назарға алды.

Се Чжэньхуа, Қытайдың климат өзгеруі бойынша арнайы өкілі:

- Барлық елдер бірігіп, мәселемен күрессе, ол тиімді түрде шешімін табады. Сол себепті жаһандық сұраққа қатысты көпжақты пікіралмасу қажет. Бұл орайда конференцияның жемісті өткені айдан анық.

Тараптар осылай саммитің маңыздылығын атап өтті. Дегенмен, барлық мемлекеттің пікірі бір жерден шықты деу қиын. Мәселен АҚШ конференцияға қатыспады. Тіпті климаттың өзгеруіне байланысты қаржы бөлуден де бас тартты. Соған қарамастан, Катовицедегі қонференцияның қорытындысы бойынша тараптар 2020 жылға дейін жылына 100 миллиард доллардан қаражат бөлеміз деп келісті. Алдын ала ақпарлар бойынша бұл соманың 80%-ы бүгінде жиналып қойған.

Элизабет Кёстингер, Австрияның Қоршаған орта министрі:

- Енді бізде ашықтық және қаржыландыру үшін арнайы ереже бар. Алға үлкен қадам жасадық. Сондай-ақ Еуропалық Одақтың осы қозғалыстың басында тұрғанын көрсеттік. Әлем елдерін бір келісімге біріктіру басты жоспар еді. Сол мақсатқа жетіп, көңіліміз жайланды.

Осылайша, тараптар температураны тұрақтандыру жолында ортақ келісімге келді.  БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттереш келісімшартты климатты қорғау бойынша жаңа кезең деп бағалады.

Айта кеткен жөн, халықаралық ұйымның климат бойынша келесі ауқымды жиыны 2019 жылы Чилиде өтеді.

Авторы: Жансұлу Дүйсенәлі

Хабар 24 телеарнасы