381,10 419,30 5,69

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Украинада электр көлікпен жүру тиімді болып тұр

  • 722
  • UPD: 12:03, 24.12.2018

Украинада электр көліктерін тұтыну тиімді бола бастады. Бұған ықпал етуші үш себепті атап көрсетуге болады.

Алдымен шет елден Украинаға экомашиналар заң бойынша ешбір салықсыз тасымалданады. Екіншіден, ел аумағында электрбекеттердің саны артқан. Сондай-ақ Украинаның экокөліктеріне қатысты заңы бойынша мұндай «жасыл» машиналар қоғамдық орындарда тегін автотұрақпен қамтамасыз етіледі. 

Денис Косяк жанармаймен ғана жүретін темір тұлпардан екі жыл бұрын бас тартыпты, қазір ол электр көліктің қожайыны. Көлігімді өз үйімнен ұзамай-ақ, кәдімді 220 вольтпен қуаттап аламын дейді ол. Және толық қуатталған экомашинамен жаз айында 150, қазіргідей қыс кезінде 70-100 шақырымды оңай еңсере алады екен. Экокөліктерге қатысты Украина заңы бойынша Денис көлігін қоғамдық автотұраққа тегін қоя алады. 

Денис Косяк, жүргізуші:

- Күндізгі уақытта кәдімгі тарифпен қуаттап алғанның өзінде экокөлік өте тиімді. Салыстырмалы түрде айтқанда үнем - бензинмен салыстырғанда 10-11, дизель отынымен 9, ал газбен 5 рет арзан тұрады. Қызмет көрсету мен күтімі де қиын емес. Сондықтан Украина жүргізушілері жаппай көліктің осы түріне көшіп жатыр.

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Украина заңы бойынша шет елден экокөліктер елге ешбір салықсыз тасымалдана бастаған. Бұған дейін мұндай темір тұлпарлар Украина аумағына өту үшін 20 пайыз салықпен тіркеліп келген. Ең қызығы, салықтан босату туралы заң тармағы тек бір жылға қабылданған, алайда оныншы желтоқсан күні Президент Порошенко бұл тәртіпті тағы да төрт жылға ұзарту туралы шешім қабылдады. Қазіргі күні Украина бойынша 10 мың 200 электркөлігі тіркелген болса, 4 жыл ішінде мұндай экокөліктердің саны он есеге артады деп болжайды мамандар.  

Александр Туз, экокөлік нарығының маманы:

- Шет елден Украинаға тасымалдау үшін ешбір салық төленбейді және бұл заң тағы төрт жылға ұзартылды. Осы аралықта елде 100 мыңға жуық электркөлігі тіркелеріне сенімдімін. Украинада электркөлігін қуаттайтын станциялардың қатары көбейіп жатыр. Қазіргі күні мұндай станцияның саны 530-ға  жеткен. Жанар-жағармай құю бекеттерінде, дүкен, іскерлік орталық, қоғамдық орындарда қуаттап алу орталығы көптеп құрылып жатыр.

Украинадағы қоғамдық көліктерді де электрге ауыстыру саясаты қолға алына бастаған. Апта басында Киевте елу орындық Skywell деп аталатын алғашқы қоғамдық экоавтобусы қолданысқа енгізілді. Тест кезінде көрсетілгендей, алты сағатта мұндай көлік 60 пайыз қуатын жұмсаған екен, демек толық қуатталған маршрут бір күнде 320-350 шақырым жүре алады. Мұндай қоғамдық көліктің жол жүру ақысы 7 гривна, яғни 25 цент тұрады.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Михаил Мищенко

Хабар 24 телеарнасы