423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Макрон «сары жейделілерді» диалогқа шақырды

  • 1180
  • UPD: 18:10, 06.01.2019

Францияда «сары жейделілер» қайта бас көтерді. Акцияға қатысушылар көшеге шыққан сайын жаңа талап қойып, билікті тығырыққа тіреп барады.

Тіпті Парижде ашулы топ байланыс министрлігіне басып кірген.

Бұған дейін олардың бірқатар талаптарын орындаған биліктің де жүйкесі жұқарған сыңайлы. Президент Макрон көтерілісшілерді «мемлекеттің құндылықтарын таптады» деп кінәләп, ашық дилогқа шақырды.

Шеру осымен сегізінші рет өтіп отыр. Бүгін көшеге ел аумағында 50 мыңнан астам адам шыққан. Бастапқыда бейбіт түрде басталған акция, келе-келе қақтығыстарға ұласты. Шерушілер қоқыс жәшіктерін өртеп, полицейлерге тас жаудырды. Тәртіп сақшылары ырыққа көнбеген халықты көз жасаурататын газ қолданып, су шашып таратуға көшкен. Гренель көшесінде ашулы топ Байланыс министрлігінің ғимаратына басып кірді. Ондағы шенеуніктер жақын маңдағы қонақ үйге тығылып, бас сауғалаған.

Шеруші:

- Біз тонаушыларға салық төлеуден әбден шаршадық. Олар біздің мүддемізді ойламайды, төбеден мұрындарын шүйіріп қарайды. Макронның бізді жай ғана тобыр деп есептейді.

Президент Эмманюэль Макрон да қарап отырған жоқ. Шеруге қатысқан халықты сынға алды. Оның пікірінше, «сары жейделілер» мемлекеттік құндылықтарды аяқ асты етіп, елде аласапыран тудыруды қалайды. Сондықтан президент ушыққан мәселелерді келіссөз арқылы шешуге шақырды. Дегенмен елде реформа жалғаса беретінін жеткізді. 

Бенжамин Гриво, Франция үкіметінің ресми өкілі:

- Француз билігі шерушілердің талаптарына құлақ асып, бұған дейін олардың көптеген талабын орындады. Мысалы парламент алғашқы  жаппай толқулардан соң жанармай салығын көтеруге шектеу қойды. Сондықтан қазір бейбіт диалогтан бас тартып, тәртіпсіздік орнатуға талпынып жатқандар - экстремистер. Олардың мақсаты үкіметті құлатып, елде бейберекет жағдай туғызу.

Еске сала кетейік, «сары жейделілердің» наразылығы қарашаның 17-сі күні басталған болатын. Бастапқыда жанармай бағасының көтерілуіне қарсы шыққан шерушілер, бірқатар ұсыныстарын орындатты. Бірақ сонда да көшеге шығуын қоймай, үкіметтің отставкаға кетуін қайта талап етіп жатыр.

Авторлары: Дәурен Ақашұлы, Мақсұт Меделханов

Хабар 24 телеарнасы