419,57 511.30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қытайда бала туу көрсеткіші күрт төмендеді

  • 3310
  • UPD: 21:59, 07.01.2019

Қытайда бала туу көрсеткіші жылдан жылға төмендеп барады.

Былтыр дүниеге келген сәбилер саны 15 миллионға да жетпейді. Осыдан үш жыл бұрын елдегі демографиялық және халықтың қартайу мәселесін шешу үшін билік екі бала сүюге рұқсат еткен еді. Алайда «Бір отбасыға - бір бала» саясатына қытайлықтардың еті әбден үйреніп қалғандай. Былтыр бала туу көрсеткіші 13 процентке азайған.

Нұрбек Бекен, тілші:

– 2016 жылы Қытай билігі халықтың қартайып, еңбек күшінің жетіспеушілігімен күресу үшін «Бір отбасыға - бір бала» саясатын жеңілдетті. Содан бері қытайлық ерлі-зайыптыларға екі бала өсіруге рұқсат. Алғашқы жылы бұл мүмкіндікті пайдаланған отбасылар көп болды. Сол кезде (2016 жылы) Қытайда 17,86 миллион сәби дүниеге келген. Бірақ соңғы екі жылда бұл көрсеткіш күрт төмендеп кетті.

Синь Чжан, Бейжің қаласының тұрғыны:

– Мен үйде жалғыз өстім. 70 жылдары «Бір отбасыға - бір бала» саясаты кезінде дүниеге келгенмін. Оның үстіне қазір жасым да келіп қалғандықтан, екінші бала туралы ойламаймын да.

Сарапшылар қытайлықтардың екінші бала сүюге асықпауына бірнеше себеп бар екенін айтады. Біріншіден жастар үйленбей жүріп алады. Алдымен әлеуметтік жағдайын жақсартуды көздейді, мансап қуады. Екіншіден, жылдан жылға тұрмыс қымбаттап, денсаулық сақтауға жұмсалатын шығын өскен. Оның үстіне екінші балалы болғандарға мемлекеттен айтарлықтай көмек көрсетілмейді. Сондықтан жаңа шаңырақ көтерген ерлі-зайыптыларды және бірнеше сәбилі болғысы келетін жандарды мемлекеттің қолдауы қажет.

Лю Баочэнь, халықаралық бизнес және экономика университетінің профессоры:

– Ірі және шағын қалаларда баға жылдан жылға өсіп келеді. Ал бұл әр адамның қалтасына салмақ салады. Сондықтан Үкімет мемлекеттік мекемелерде, қоғамдық қызмет көрсету орындарында жас отбасын қолдау бағдарламасын жасауы керек. Мектепке дейінгі даярлық, би, музыкалық білім алу сияқты түрлі үйірмелер үшін тым көп шығын кетеді. Ал бұл мәселені шешу арқылы билік қоғамның теңсіздігін реттейді.

Жалпы Қытайда 1985-1990 жылдары ең көп бала туу көрсеткіші тіркелген. Сол кезде халық саны жыл сайын 25 миллионға артып отырған. Бірақ 90-жылдан бастап сәби сүйгісі келетіндер күрт азайды. Үкіметтің «екі бала» саясаты болмаса, жылдық көрсеткіш 15 миллионнан да аз болар еді дейді сарапшылар. Дегенмен оған алаңдаудың да жөні жоқ, деген пікірде Қытай халық өсімі қауымдастығының президенті Чжай Чжэньу. Оның айтуынша, тіпті 2050 жылы да елдегі еңбекке қабілетті жандардың саны 700 миллионды құрайды екен. Бұл – әлемдегі дамыған мемлекеттерге сай көрсеткіш.

Авторы: Нұрбек Бекен

Хабар 24 телеарнасы