417,02 504.70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Грузиядағы «Алило» шеруі туристерді таң қалдырды

  • 1189
  • UPD: 22:00, 07.01.2019

Грузияда Рождество мерекесіне орай дәстүрлі «Алило» шеруі өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қайырымдылық жасауға бағытталған бұл дәстүрлі шара кезінде жылу жиналып, тұрмысы төмен отбасыларға таратылады.

Дәстүрлі «Алило» шеруіне қатысу үшін Грузияның түкпір-түкпірінен мыңдаған адам жиналды. Театрландырылған шеруге қатысушылар бес шақырым жолды жүріп өтеді. Оларды періште кейпіндегі балалар бастайды. Одан кейін христиандардың киелі кітабындағы кейіпкерлер еріп жүреді. Кейбірі жаяу, бірқатары өгіз жегілген арбаға мінеді. Сондай-ақ күймелерге қайырымдылық себеттері қойылған. Мұнда жергілікті тұрғындар мен туристер өз сыйлықтарын салады.

Нина Башарули, Тбилиси тұрғыны:

– Шама шарқымызға қарай балаларға арнаған сыйлығымызды әкелдік. Шеруге қатысып, азғантай болса да үлес қосқанымды мақтан тұтамын.  

Виктория Кулагина, Ресейден келген турист:

– Бізге қатты ұнады. Ауқымы өте кең екен. Таң қалып тұрмыз. Ресейде мұндай жоқ. Шерудің соңына дейін барамыз. Бұл адамды рухани байыта түсетініне сенімдімін.

Дәстүрге айналған «Алило» мерекесін тойлау атам заманнан қайырымдылыққа бағытталған. Ертеде көршілер бір-бірін аралап, ойыншықтар мен киім-кешек жинаған. Сөйтіп мұқтаж жандарға үлестірген. Қазір де себетке салынған заттарды балалар үйі, қарттар үйі және аз қамтылған отбасыларға таратады.

Майкл Видаход, турист:

– Балаларға арналған сыйлықты қайда тапсырарымызды білмей жүрміз. Кітап, киім және тәттілер әкелгенбіз. Барлығын Рождество меркесімен құттықтаймын.

«Алило» шеруі Грузиядағы ең үлкен Самеба шіркеуінде аяқталады. Мұнда жиналғанның барлығы құдайға құлшылық етіп, тілектерін айтады. Жалпы мерекелік шеруге шығу дәстүрі мұнда 16 ғасыр бұрын пайда бола бастаған.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Татия Джанибегашвили, Шалва Сурамелашвили

Хабар 24 телеарнасы