378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ким Чен Ын төртінші рет Қытайға аяқ басты

  • 548
  • UPD: 00:02, 09.01.2019

Ким Чен Ын төртінші рет Қытайға аяқ басты. Оның Бейжіңге сапары қаңтардың 10-ына дейін жалғасады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Солтүстік Корея көшбасшысының бұл сапары әу баста құпия болды.

Тек 7 қаңтар күні кешке қарай жергілікті ақпарат құралдары Ким Чен ЫН мінген пойыз қытаймен шекарадағы Даньдун қаласынан өткенін хабарлады. Сонымен Кимнің бұл қадамын сарапшылар қалай жорып отыр?

Ким Чен Ын Дональд Трамптың қатысуымен өтетін саммиттің қарсаңында Бейжіңге арқа сүйеуі мүмкін. Қытай сарапшыларының пікірін жергілікті ақпарат құралдары жариялап жатыр. Атап айтқанда, «Ким Чен Ын Қытай Халық Республикасына ақыл-кеңес пен қолдау сұрау үшін келуі ықтимал», - дейді Қытай қоғамдық ғылымдар академиясы жанындағы Шығыс Азия зерттеу орталығының қызметкері Ван Цзюньшэн. Оның айтуынша Ким Чен Ын Трамппен кездескен соң өз елін дамудың жаңа дәуіріне жетелемек. Саммит Пхеньянға көптеген мүмкіндіктер әкелуі тиіс.

Корей Халықтық Демократиялық Республикасы үшін биылғы жыл Қытайдағы 1979 жыл сияқты болады. Дәл осы кезде Бейжің реформалар мен өзгерістерге кірісіп, сыртқы мемлекеттер үшін ашықтық саясатын енгізген.

Ким Чен Ын Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруы бойынша 7 қаңтардан бері Қытайда жүр. Бұл сапар АҚШ пен Корей Халықтық Демократиялық Республикасының екінші саммиті қарсаңында өтіп жатыр. Сондықтан әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылыққа оң әсерін тигізеді, - дейді сарапшылар.

Естеріңізге сала кетейік, бұл Ким Чен Ынның соңғы 11 айдағы Қытайға төртінші сапары. Ол былтыр наурыз, мамыр және маусым айларында келіп кеткен болатын.

Авторы: Нұрбек Бекен, Жаң Сүй

Хабар 24 телеарнасы