427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Катардың ХАМАС-қа бөлген қаражаты қырғи-қабақ елдерді қақтығысқа итермелеуде

  • 1247
Катардың ХАМАС-қа бөлген қаражаты қырғи-қабақ елдерді қақтығысқа итермелеуде

Израиль Газаға бөлінген ақшаны өткізбей отыр.

Бұл – Катардың ХАМАС-тың әлеуметтік қажетіне бөлген қаражаты. Осыған наразы содырлар Израиль қалаларын атқылап, ақшаны талап етіп жатыр. Оның үстіне, Палестинаның Батыс жағалауы мен Газа секторы да екіге бөлінді.

Ашкелонда дабыл қағылды. Палестиналықтардың қалаға атқан зымыранын «Темір күмбез» қағып түсірген. Сол сәтте әскери ұшақтар әуеге көтеріліп, анклавқа соққы жасады. Іле-шала шекараға артиллерия жеткен. Бірақ олар іске қосылған жоқ. Қараша айында Израиль мен ХАМАС өзара соғысуға шақ қалған еді. Тек шешуші кезеңде екі жақ та кері шегінген. Дегенмен бұл тыныштық ұзаққа созылмады. Сарапшылар сол кезде екі тараптың оңтайлы сәтті күтіп, ұрымтал тұстан шалуға тырысатынын айтқан болатын. Айтқандары дөп келді. 

Бұл жолы Катардың ХАМАС-қа 15 миллион доллар бөлуі, онсыз да қырғи-қабақ елдерді қақтығысқа итермелеп отыр. Яғни Израиль қаржыны Газаға жіберуге қарсы. Оны әлеуметтік мақсатта емес, содырлардың қажетіне жаратады деген күдік бар. Ал ХАМАС зымыран атқылап, өз дегендерін орындатқысы келеді.

Зеев Ханин, саясаттанушы:

– Олар мұхит жолын ашып, Газа секторына тауар жеткізу еркіндігін, оның ішінде әскери мақсаттағы тауарлар мен қаржыны өткізуді талап етеді. Қазіргі жағдайға қарасақ, оның бірі де орындалмайтыны белгілі.

Оған қоса, Палестина автономиясы ХАМАС-ты қаржыландырудан бас тартып отыр. Осыған ызаланған содырлар Рамаллаға қарасты палестиналық телеарна кеңсесінің күл-талқанын шығарды. Барлық жабдықтарды қиратып кетті. Палестина Президенті Аббас та қарап қалмай, бұл бассыздыққа жауап қататынын жеткізді. Алдымен Мысырмен шекарадағы өткізу бекетіндегі Газа тұрғындарын жұмыстан қуды. Мұндағы халық онсызда әупірімдеп өз нанын тауып жеп, күнелтіп жүр еді.

Фаузи Бархум, ХАМАС өкілі:

– Президент Аббас осылайша Газа тұрғындарынан кек алып отыр. Бұл ұлтараздықты одан әрі өршітпесе, жоятын әрекет емес.

Ресми Каир болса, Газа мен Батыс жағалауды, ХАМАС пен Аббасты татуластыру райынан қайтқан сыңайлы. Демек Израиль палестиналық мәселеде қайтадан бетпе-бет қалғалы отыр. Израильдегі сайлау науқаны қарсаңында осындай жағдай қалыптасты. Ал Газа секторы тіпті мемлекеттік қызметшілерге жалақы төлей алмайтын жағдайға жеткен. 

Авторы: Сергей Ауслендер

Хабар 24 телеарнасы