426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


АҚШ-тың оңтүстік шекарасында гуманитарлық дағдарыс белең алды

  • 1776
  • UPD: 20:38, 09.01.2019

Келімсектердің елге бей-берекет ағылуы Америкаға кесірін тигізіп отыр. Қарақұрым мигранттар легі жергілікті халықты несібесінен айыруға дайын. АҚШ Президенті Дональд Трамп Ақ үйде осындай мәлімдеме жариялады.  Бұл жолы ол ұрандатпай-ақ, салмақты дәйек келтіру арқылы оңтүстікте қорған тұрғызу қажеттігін дәлелдегісі келді.

Дональд Трамп, АҚШ Президенті:

- Соңғы екі жылда келімсектер тарапынан 266 мың қылмыс жасау дерегі тіркелген. Оның ішінде 30 мыңы зорлық көрсетіп, тағы 4 мыңы кісі өлтіру фактісі. Елімізге заңсыз келіп алғандар жылдар бойы америка халқына осылайша әлімжеттік көрсетіп келеді. Егер бұны қазір тоқтатпасақ, мыңдаған адамның өміріне қауіп төнері белгілі.

Қорған тұрғызу сырттағыларды жек көруді білдірмейді, керісінше үйдегілерге деген сүйіспеншілікті аңғартады. Ресми мәлімдемесін осылай деп түйіндеген Дональд Трамп демократтардан қорған тұрғызуға қажет бюджетті бекітуді талап етті. Егер Конгресс басшыларымен сәрсенбі күнгі кездесуде ортақ мәміле жасалса, онда үкімет өз жұмысын қайта бастайтынын айтты. Ақ Үй басшысының пікірінше, бұл мәселені айналасы 45 минутта шешуге болады. Алайда, шекаралас Мексика тұрғындары  олай деп есептемейді.

Блиц:

1) Ер азамат: Шекарада қорған тұрғызу ақылға қонбайтын іс. Расизм бе, Трамптың жеке жоспары ма, қалай атаса да ол түкке тұрмайтын дүние.  

2) Әйел: Үкіметті шекарада қорған тұрғызу үшін  қаржы бөлуге мәжбүрлеуі ақымақтық. Шекараны күнде кесіп өтемін, бірақ ұрлық-қарлық пен шабуыл жасап жатқан ешкім жоқ. Трамп  өтірік айтып, қорқытып отыр.

Президент өз үндеуінде үрей туғызуды таңдады. Дональд Трамптан кейін іле-шала ресми мәлімдеме жасаған демократиялық партия өкілдері де осыны айтады. 

Нэнси Пелоси, Конгрестің өкілеттік палатасының спикері:            

- Президент қорқыту әдісін таңдады. Ал біз нақты деректерге сүйенеміз. Біріншіден, Конгрестің алғашқы күнінде демократтар палатасы Сенатқа үкімет жұмысын қайта жандандырып, шекара мәселесін тиімді түрде шешуге бағытталған бюджет жобасын ұсынды. Алайда Президент мырза оны қабылдамады. Қорған деп сіресіп отырып алғаны соншалық экономикалық тұрғыдан тиімсіз жобаға америкалық салық төлеушілердің триллиондаған долларын соған жұмсауға құмар. Әу баста, ол қорғанға ақшаны Мексика бөледі деген.

Әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан түрлі дәйек келтірген Нэнси Пелоси Трамптың ақылға келіп, үкіметтік шатдаунды тоқтатуды сұрады. Ал демократтардың көшбасшысы Чак Шумер болса, әкімшіліктегі былықты жасыру үшін Трамп саяси дағдарысты қолдан жасап отырғанын алға тартты.

Естеріңізге салсақ, өкілетті палатада көпшілік орынға ие болған демократтар қорған мәселесіне қатысты ұстанымын бірден айқындаған. Сөйтіп олар 2019 жылғы мемлекеттік бюджетке Ақ Үй басшысы ұсынған, яғни қорған құрылысына қажетті 5,7 миллиард долларды қоспады. Бұған ерегескен Трамп үкімет жұмысын уақытша тоқтатты. Айта кетерлігі, үкіметтік шатдаунның 15 күннен артық созылуы тарихта екінші рет болып отырған жағдай.

Хабар 24 телеарнасы