423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Грузияда банктен несие алу қиындады

  • 1503
  • UPD: 10:11, 11.01.2019

Грузияда несие алу қиындады. Банк пен микро-қаржылық ұйымдар енді адамның төлем қабілетін толық зерттемейінше қолдарына бір тиын да бермейді. Бұған қарызға белшеден батқан борышкерлер санының тым көбейіп кетуі себеп. Олардың түйткілдерін шешу үшін де билік бірқатар жаңашылдық енгізді.

Несие беруге қатысты жаңа тәртіп 1 қаңтардан бастап күшіне енді. Оған сәйкес несие беруші орган азаматтың кірісін тексеруге  міндетті. Енді коммерциялық банктер мен өзге де қаржы ұйымдары әр адамның төлем қабілетін толық зерттемейінше несие беруге құқысы жоқ. 

Ана Алибегашвили, «қоғам және банктер» үкіметтік емес ұйымы сарапшысы:

- Жаңа реттеулер борышкерлер мәселесін шешеді деп ойламаймын. Халық қарызды өзінің тұрмыстық мұқтаждары үшін алады. Сондықтан сұраныс бар жерде ұсыныс болады. Жаңа реттеулер көлеңкелі нарықтың ұлғаюына әкелуі мүмкін. Оның үстіне түрлі алаяқтық жолдар да көбеймек.

Сарапшылар да жаңа тәртіп халыққа тиімді болады деп санамайды. Себебі енді несие алу үшін жалақы туралы анықтамадан бөлек азаматқа өзінің төлем қабілеттілігі бойынша балдары болуы тиіс. Ал ипотека алу үшін өзің тұрып жатқан пәтерді кепілге қоюға тыйым салынған. Оның орнына өзге мүлікті қою қажет.

София Агдгомелашвили, жергілікті тұрғын:

Реттеулер әр салада қажет. Ол адамдардың қазіргі жағдайын есептеп жасалуы керек.  Қазір жалақы аз, жетпейді. Сондықтан адамдар үйлеріне жаңа дүние алу үшін немесе шағын бизнес ашу үшін несие алудан басқа амалы жоқ. 

Давид Надирадзе, жергілікті тұрғын:

- Грузияда қазір әрбір екінші тұрғынның несиесі бар. Мысалы, мен де үйіме заттың бәрін несиеге алғам. Одан кейін әйелімнің босануы үшін қарыз алуыма тура келді. Себебі  қолымда ақша болған жоқ, жалақым болса жетпейді.

Ал елде борышкерлер мәселесі алған несиесін төлей алмағандардың қара тізімі 600 мың адамды құраған соң пайда болған. Салдарынан Грузияда өтелмеген несие көлемі 562 миллион долларға жеткен.

Авторлары: Татия Джанибегашвили, Шалва Сурамелашвили

Хабар 24 телеарнасы