429,59 501,70 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әзербайжан билігі баланы ғаламтордың кері әсерінен қорғауды қолға алды

  • 1706
  • UPD: 10:13, 11.01.2019

Телефонға телмірген ұрпақтан қауіп көп. Мұндай әдеттен қайтсек құтыламыз? Мамандар жеткіншектің шамадан тыс уақытын ғаламтор желісінде өткізуінің кесірі орасан зор екенін ескертеді. Сондықтан ата-аналар балаларына көбірек көңіл бөліп, телефонға тәуелділіктің алдын алу керек.

Үш жасар бүлдіршіннің смартфон мен планшетті ермек етуі енді ешкімді де таңқалдырмайды. Ата-ана үшін баланы алдандырудың амалы. Өкініштісі сол, оның салдары жайлы ешкім ойланып жатпайды. 

Сабина Рашидова, психолог:

- Балалар ата-ана назарынан тыс қалады. Әке-шешесімен ойнап, олардың көңілін өзіне аудару баланың әдеті емес пе? Ал олар бір сәтке демалып алу үшін, планшетті ұстатып қояды. Бұл үрдіс үнемі қайталана берса, бала ата-анасынан алыстап, тек телефонға әуестенеді. Жасөспірім болса, телефонды тіпті жан серігі ретінде көретін болады. 

Ана көрген тон пішер, әке көрген оқ жонар демекші, ата-ана қашан да бала үшін үлгі. Егер әке-шешесі көзін телефоннан алмайтын болса, балалар да соны қайталайтыны мәлім. Әсіресе, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер телефонға тәуелді етуде.

«Мұндай жағдай баланың мінез-құлқына теріс әсерін тигізіп, отбасында жанжал туғызуы да ғажап емес», - дейді психолог мамандар. 

Сабина Рашидова, психолог:

- Әлеуметтік желіні бей-берекет қолдану бүгінгі күннің үлкен мәселесіне айналды. Жасы да жасамысы да осыған тәуелді болып барады. Отбасы мүшелерінің өзара шешілмеген мәселелерінің соңы  кикілжіңге ұласуы мүмкін. Тіпті кей жағдайда ажырасып жататындар бар.

Әзербайжанның мемлекеттік органдары бұл мәселеден хабардар. Осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында арнайы жобаларды да қолға алған.

Эльгюн Сафаров, Отбасы және бала ісі жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы:

- «Отбасылық кітапхана» жобасын жүзеге асыруға кірістік. Осылайша ата-аналар мен балалардың өзара тілдесіп, әңгіме-дүкен құруына сеп болсақ дейміз. Балалардың көбісі қазір ғаламторға байланғанын ескерсек, ата-аналар үшін жеткіншектердің іс-әрекетін бақылауға арналған бағдарлама әзірледік.

Баламен бірге кітап оқу, танымдық ойындар ойнау, жалпы жеткіншектерге көбірек көңіл бөлу және ең бастысы, гаджеттерді қолдануды мүмкіндігінше шектеу. Отбасылық құндылықтарды сақтау үшін психолог мамандардың ата-аналарға берер кеңесі осындай. 

Авторлары: Шафаг Алиева, Айгюн Гасан

Хабар 24 телеарнасы