405,69 456,25 5.76
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мексикалық тәртіп сақшылары темір тұлпарларын велосипедке ауыстырды

  • 828
  • UPD: 21:37, 11.01.2019

Мексикалық тәртіп сақшылары темір тұлпарларын велосипедке ауыстырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған елдегі жанармай тапшылығы түрткі болған. Қоғам тыныштығын қорғап, қауіпті аудандарды назардан тыс қалдырмас үшін полиция қызметкерлері еріксіз велосипедті місе тұтуға мәжбүр. Бүгінде ел астанасы Мехикода 44 жанармай құю бекетінің 7-еуі ғана жұмысын жалғастырып жатыр. Оның өзінде ұзын-сонар кезектің шеті көрінбейді.

Мексика мұнай өндіруші елдердің қатарына жатса да, жанармай тапшылығы жиі болады. Негізгі себеп – жанармайды мұнай құбырларын тесіп, ұрлау. Ал оның зардабын қарапайым халық тартып отыр. 

Жанармай тапшылығы елдің экономикалық және әлеуметтік тыныс-тіршілігіне кесірін тигізетіні белгілі. Осыған байланысты қылмыстың да белең алуы заңды құбылыс. Осылай деген тәртіп сақшылары велосипедпен қаланың әр ауданын аралап, қоғам тыныштығын қоруда. Бұл мақсатта 250 велосипед таратылды.

Жанармайға қатысты жағдай түзелгенге дейін полицейлердің қызметтік көліктен бас тартуына тура келді. Сондай-ақ жедел жәрдем көлігі де шақыртулардың бәріне бірдей баа бермейтін болды. Шұғыл медициналық көмек керек болғанда ғана жолға шығады. Қарапайым халық болса, күнұзақ жанар-жағармай бекетін торумен жүр.

Блиц 1:

Бұл деген сұмдық. Бензин кешеден бері жетпей жатыр. Ұзын-сонар кезекте тұрамыз. Алдымдағы 10 көлікке жеткенімен, маған келгенде жанармай бітіп қалды. Басқа станциялар жабылып қалған.

Блиц 2:

- Таксистпін, алайда күніне тек жанармайдың аздығынан 2 сағат қана жұмыс істеп жүрмін. Бәрімізге де қиын болды.

Блиц 3:

- Қолға тиген жанармайды екі күнге әзер дегенде жеткіздік. Бау-бақша күтіміне арналған екі техникамыз тоқтап тұр. Көрші ауданға барып, жұмыс істеуіміз керек еді. Енді міне, жете алмай отырмыз.

Көліктеріне қалай да болсын жанармай құйғызу үшін мексикалықтар 1 сағаттан 3 сағатқа дейін кезекте тұруға мәжбүр. Ал Морелия ауданының музыканттары кезекте тұрғандардың көңілін аулауға көшкен.

Қарапайым халықты осындай күйге жеткізген - жанармай ұрлығы. Мұнай құбырларын әр жерден тесіп, қолды қылуға жол берген – мемлекеттік деңгейде белең алған жемқорлық жүйе. Өткен жылдың аяғында ант қабылдаған президент жемқорлықпен күрес жүргізетінін мәлімдеген. Осы уәдесін іске асыру үшін, Андрес Мануэль Лопес Обрадор мұнай құбырларына әскер тартып, кейбірін жаптырып тастады. Соның арқасында күнделікті ұрланатын мұнай көлемі 5 есеге төмендеген.

Андрес Мануэль Лопес Обрадор, Мексика президенті:

- Мұнайдың 6 күре жолындағы 1600 шақырым құбырдың қауіпсіздігін сақтау үшін осындай қадамға бардық. Кей нүктелерде бақылау жоқ, ол жерлерге заңсыз құбыр жалғап, мұнайды ұрлап жатқандар бар. Сол себепті алдымызда күзетті күшейтіп, мұнайды межелі жеріне жеткізуіміз қажет.

Мексика басшысы ресми мәлімдемесінде халықты сабыр сақтауға шақырды. Оның айтуынша, мұнай ұрлығымен күрес кезең-кезеңімен жүргізіледі. Сондықтан жанармайды жеткізу жуырда қалпына келеді. «Түптің-түбінде Мексика ішкі нарығын жанармаймен толық қамти алады», - дейді президент. Алайда, құбырларды бөгеу елдегі жанармай өндірісін бәсеңдетті. Сондықтан халық президенттің бұл әрекетін құптамай отыр.

Эрик Нахейра, Мехико тұрғыны:

- Үкімет «жанармай тапшылығы жоқ» дейді, бірақ көліктердің кезегін көріп, бұған сену қиын. Жанармай ұрлығын тию керек, әрине, бірақ ұрлықшылардың алдын ораймыз деп, халықты тығырыққа тіреуге болмайды. Бұл түптің түбінде елдің тұтас экономикасына кері ықпалын тигізеді.

Жалпы желтоқсан айында Мексика үкіметі мұнай саласының қауіпсіздігін қамту мақсатында ауқымды жоспар құрған. Осыған сәйкес зауыттар мен мұнай сақтау қоймаларын қоруға 4 мың әскери жұмылдырылды. Мексиканың ұлттық Pemex компаниясы өткен жылдың тоғыз айында мұнай құбырына 12581 рет заңсыз қосылудың дерегін тіркеген. Алдыңғы жылмен салыстырғанда бұл 45% артық. Осы себепті шығын мөлшері 1,75 миллиард АҚШ долларына жетеді деген болжам айтылған. Сарапшылардың айтуынша, 2018 жылы Мексика орта есеппен тәулігіне жанар-жағар майдың  60 мың баррелін жоғалтқан.

АҚШ-қа жеткізілетін қара алтынның 4/1 бөлігі осы Мексиканың үлесінде екен. Алайда, қазір қалыптасын отырған жағдай экспортқа қаншалықты ықпал ететіні жайлы мамандар дөп басып айта алмай отыр.

Хабар 24 телеарнасы