384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Грузия халқы зейнетақы жүйесіне енгізілген жаңашылдыққа алаңдаулы

  • 683
  • UPD: 15:20, 12.01.2019

Грузияда зейнетақы жинақтаушы жаңа жүйе іске қосылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді еңбек ететін әрбір азамат өз есепшотына жалақысының 2 процентін аударуы тиіс. Жаңашылдық қоғамда сан алуан пікір туғызды. Міндеттелген салым мөлшеріне көпшілік алаңдаулы. Ал үкіметтік емес ұйымдар Конституциялық сотта зейнетақы жүйесінің заңдылығына қарсылық білдірген де жоқ.

Зейнетақы жинақтаушы жаңа жүйенің жұмысы қарапайым. Жұмыспен қамтылған әрбір ел азаматының есепшотына ай сайын жалақының 6 проценті аударылады. 2 пайызын ол өз қалтасынан төлесе, қалғаны мемлекет пен жұмыс беруші өтейді. Алайда жылдық табыс 9 мың доллардан асса, ел бюджетінен тек 1 процент аударылады.

Георгий Мшвениерадзе, «Грузияның демократиялық бастамасы» ҮЕҰ төрағасы:

– Жүйе адам құқығын шектейді. Мемлекет тарапынан 1 немесе 2 проценттік төлем теңдік қағидатына сәйкес келмейді. Яғни үкімет бюджет қаражатын азаматтың әлеуметтік жағдайына емес, оның табысына қарап жұмсайды.

Мамандардың айтуынша, «Жинақтаушы зейнетақы» туралы заң талаптары Грузия конституциясының бірнеше талабына қарама-қайшы. Атап айтқанда, теңдік пен меншік құқығын шектейді. Жаңа өзгерістерге сай, мемлекет 40 жасқа толмаған азаматтарын түгелдей зейнетақы жүйесіне қатысуға міндеттеп отыр. Ал өзгелеріне таңдау еркі берілмек.

Георгий Мшвениерадзе, «Грузияның демократиялық бастамасы» ҮЕҰ төрағасы:

– Үкімет осылайша қарапайым адамдардан ақылдырақ екенін аңғартып отыр. Олардың ақшасын алып, белгілі уақыт сақтап, кейін қайтарғысы келеді. Бұл адамның еркіндігін шектеу деген сөз.

Жұмыс берушілердің де билікке айтар уәжі бар. «Қызметкердің пайдасына жалақының 2 процентін аудару жаңа салық түрімен тең», – дейді олар. Оның үстіне, азаматтар жинақталған қаржының қайтар-қайтпасына күмәнмен қарайды.

Марика Дологуа, логистикалық компанияның директоры:

– Менің бұған негативті көзқарасым бар. Неліктен 2 процентті төлеуге міндеттеп отыр?! Бұл қаражаттың түпкі мақсатына жұмсалатынына кім кепілдік береді?! Мәселен, кейбір азаматтар зейнет жасына дейін өмір сүре алмауы мүмкін. Билік ауысқан кезде не болады?! Осы заңның салдарынан көптеген компания қызметкерлерін қысқартуға мәжбүр.

Азаматтардың зейнетақы қаражаты үкімет қажеттіліктеріне жұмсалады. Бұл ретте, бірнеше жобаға қомақты инвестиция құю көзделіп отыр. Грузиялықтардың ендігі үміті Конституциялық сот шешімінде.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Татия Джанибегашвили, Шалва Сурамелашвили

Хабар 24 телеарнасы