386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


АҚШ пен Грекияда мұғалімдер наразылығы өршіді

  • 545
  • UPD: 20:41, 15.01.2019

Лос-Анджелесте 900 орта мектептен 30 мыңнан астам мұғалім жиналып, жауынға қарамастан ереуіл ұйымдастырды. Педагогтардың мұндай ауқымды көтерілісі АҚШ-та соңғы 30 жылда болмаған. Көшеге шыққан ұстаздар биліктен жалақыны көбейтуді талап етті. Сондай-ақ сыныптағы оқушылар санын азайтуды сұрайды. Себебі соңғы деректер бойынша Калифорнияда бір сыныпта кемінде 42 оқушы отырады. Ереуілшілер қосымша педагогтар мен кітапханашылардың жетіспейтіндігін де алға тартқан.

Тоби Смит, би сабағының мұғалімі:

- Мен өзімді бір тығырыққа тірелгендей сезінемін. Адам жұмысынан ләззат алуы керек. Ал, біздегі сыныпты толтырып, шулап отырған оқушылардың көптігінен бұл мүмкін емес. Топырлатып, 40-50 баланы бір сыныпқа отырғызады. Жалақы түкке жетпейді. Оқушылардың бұған кінәсі жоқ. Билік өкілдеріне наразымыз.

Алекс Капуто-Пирл, Лос-анджелес мұғалімдер қауымдастығының президенті:

- Біз жауын-шашынға қарамастан штаттағы ең бай өңірде жалақы жетіспеушілігіне байланысты ереуілге шығып тұрмыз. Миллионерлер жайлаған қалада мұғалімдерге ақша қарастырылмаған. Бұған қалай сене аласыз?!

Афинаның Синтагма  алаңында мұғалімдердің наразылық акциясы полициямен қақтығысқа ұласты. Шараға 3 жарым мыңға жуық адам жиналған. Парламент ғимаратына өтпек болған «ұлағатты» ұстаздарды тәртіп сақшылары көз жасаурататын газбен тоқтатты. Салдарынан бірнеше адам жарақат алды. Ереуілге шыққан педагогтар қауымы үкіметтің мемлекеттік қызметке қабылдау шартына енгізген өзгерістеріне қарсылық білдірген. Ал, жергілікті билік елдегі қаржы дағдарысына байланысты бюджет қызметкерлерін жұмысқа алуды уақытша тоқтатып тастаған болатын. 

Николаос Панагиоту, мектеп профессоры:

- Уақытша келісімшартпен жұмысқа алу арқылы үкімет ақшаны үнемдеп қалғысы келеді. Бізді мазақ қылып бітті.

Танасис Кикинис, Грекия мұғалімдер федерациясының жетекшісі:

- Үкіметтің жаңа заң жобасы біздің ғылыми атақтарымызға да қарамайды. Уақытша келісімшартпен жұмысқа тұрғандар несие де ала алмайды. 

Бұл Грекиядағы орта мектеп пен жоғары оқу орындары мұғалімдерінің осымен екінші ереуілі. Жұма күні Афина орталығында 24 сағат бойы жаппай митинг өткен еді. Ұстаздардың уақытша келісімшартты жою керек деген талабына әзірге үкімет үн қатпай отыр. Ал, Лос-Анджелесте бүгін басталған ереуіл әлі де ұзаққа созылатын сыңайлы. Кәсіподақтың мәлімдемесі осындай. Егер жалақы көтерілмесе, ұстаздар жұмысқа шықпайды. Тіпті бастауыш мектептің мұғалімдері жұмыстан шығуға арыз беріп қойған. Бірақ мектептерде әзірге сабақ тоқтаған жоқ.

Остин Бютнер, мектеп округінің жетекшісі:

- Барлық 1240 мектеп кестеге сай жұмыс істеп тұр. Оқушыларға қауіп төніп тұрған жоқ. Сабақтары жүріп жатыр. Автобус қатынасы да бұрынғыдай. Бүгінгі ереуілге байланысты қосымша мамандарды жұмысқа тарттық. Барлық ереуілдер бейбіт өтуде.

Жалпы АҚШ-та орта мектеп мұғалімдері айына 4800 доллар алады. Бұл жалақы әр өңірге байланысты өзгеріп отырады. Мәселен, Калифорния мен Нью-Йоркте ұстаздар 7500 доллар көлемінда жалақы алса, Оңтүстік Дакотадағы айлық 3200 долларды құрайды. Бұл сома Лос-Анджелестік ұстаздардың айтуынша жеткіліксіз. Әзірге үкімет әліптің артын бағып үнсіз отыр.

Хабар 24 телеарнасы