377,65 427.65 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Әзербайжанда сақтау мерзімі өтіп кеткен нан қайта өңделуі мүмкін

  • 369
  • UPD: 15:26, 19.01.2019

Депутаттар осындай ұсыныс жасап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Жергілікті заң шығарушы органдар жарамсыз өнімді кәдеге жаратудың жолдарын көрсетуде. Ысырапқа жол бермейтін бұл шара бюджет қаржысын үнемдеуге сеп болмақ. 

Бір-екі күнге мерзімі өткен батон мен бөлкелерді әдетте қоқысқа тастайды. Сол себептен парламент депутаты нан-тоқаш өнімдерін қайта өңдеуге мүмкіндік беретін заң қабылдауды ұсынған. Сарапшылар бұл ұсынысты тиімді деп санаса да, оны жүзеге асыруда қиындықтар бар екенін ескертеді. Ал тұтынушылар қайта өңделген нанды сатып алудан бас тартуы мүмкін.

Саадет Гаджиева, Аграрлық зерттеулер орталығының бас маманы:

- Жыл сайын елде нанның 20 пайызы рәсуа кетеді. Бұл 240 тонна бидай. Орта есеппен елдің әрбір тұрғыны жылына 124 келі нан-тоқаш өнімдерін тұтынады. Еуропалық елдермен салыстырғанда, бұл үлкен көрсеткіш. Адамдар жаңа дайындалған ыстық нанды қалайды. Сол себептен мерзімі өткен нанды қайта өңдеу ісі өзін ақтамауы ықтимал.

Сарапшылардың пікірінше, нанды тұтыну мөлшерінен артық өндірмеу және бөлкелердің салмағын азайту осы мәселені шешуге септігін тигізеді. Сондай-ақ сақтау мерзімі ұзақ жоғары сапалы нанды өндірудің де маңызы зор.

Айтен Пирвердиева, Тамақ өнімдері қауіпсіздігі агентттігінің маманы:

- Түркияда қалдыққа кететін нан өнімдерінің құнына бірнеше мектеп ғимаратын салуға болатынын есептеген. Бізде де жағдай осындай. Нанның ысырабына жол бермеу үшін мектептер мен жоғары оқу орындарында ағарту жұмыстарын жүргізіп отырмыз.

Нанды қайта өңдеу ұсынысы Әзербайжан қауымында әлі талқылануда. Оны заңға рәсімдеу ұзақ уақыт пен кеңінен түсіндіруді қажет ететін іс. Бірақ көбісі бұл ақырында халықтың қаражатын үнемдеп, елдегі бидай қорының артуына әкелетініне сенімді. 

Авторлары: Шафаг Алиева, Айгюн Гасан

Хабар 24 телеарнасы